Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғындарымен кездесу өтті

Биылғы жылдың 23 қарашасында  Жамбыл облысындағы этнос өкілдері тығыз орналасқан 32 елді мекен этнокартасы негізінде «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мүбәрак Жинақбаева, Жуалы аудандық «Мехрибан» әзірбайжан этносының жетекшісі Эсмира Мамедова Жуалы ауданы Бауыржан Момышұлы ауылындағы аудандық мәдениет үйінде ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді.

Ұлттар мен ұлыстар арасындағы ауызбіршіліктің жай-күйін саралау мақсат еткен іс-шараға ауыл ақсақалдары, ардагерлер, билер кеңесінің төрағалары, көп балалы батыр аналар, этнос өкілдерінің басшылары мен белсенділері, қандастар, жастар ресурстық орталығының өкілдеріқатысты.

Жиын барысында саяси реформалардың, Жаңа Қазақстаннның идеялары мен құндылықтарының маңызы, жалпыелдік «Бірлік даму үшін!» ұранымен этносаралық келісім түсіндіріліп, округ тұрғындарының түйіткілді мәселелерінің шешілу жолдары қарастырылды.

Кездесу барысында «Қоғамдық келісім» КММ ҒСТ бас сарапшысы Ербол Қаншымбеков пен жастар ісі бойынша маман Рахат Ерханұлы ауыл жастары арасында тимбилдинг өткізіп, округ жастарына қазақстандық қоғамдық келісім, бірлік пен бейбітшілік, ортақ Отанымыз Қазақстанның өсіп өркендеуі, жастардың бәсекеге қабілетті болып дамуының негіздерін түсіндірді.

Сондай-ақ, округтегі аналардың арасындағы алаңдатарлық жайлардың мәселесіне арнайы «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы Аққу Қаратаева үңілді. Ол этнос өкілдері арасындағы жағдайларды зерттеу шеңберінде көп балалы аналармен сұқбат жүргізіп, этностар жинақы тұратын елдімекендергі әр түрлі мәселелер бойынша кеңес беріліп, аналар тәрбиесі бойынша әңгіме өрбітті. Сұқбат барысында ерте некеге тұру, ерте жүктілік, қыз балаларды әуелі білім алуға насихаттау және т.б мәселелер көтерілді.

Жамбыл облысындағы этнос өкілдері тығыз орналасқан этнокарта негізіндегі сапар әрмен қарай Қордай ауданындағы ауылдардан жалғасын табатын болады.

«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі орталығы