Балаларға сыйлықтар беріліп, қайырымдылық асымен қамтамасыз етілді

Балаларға  ұдайы  назар керек.  Ата-аналар балаларға жеткілікті уақыт бөлмеген жағдайда, әрбір отбасында және қоғамда оларды мінез-құлықтың өзгерісіне ұшырататын және құқық бұзушылыққа  жиі  әкеп соқтыратын түрлі өкінішті жағдайлар орын алады.

«Бала құқықтары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, әрбір баланың  өмірі мен жеке бас еркіндігі құқықтары бар. Мемлекет баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және оны қорғайды. Заң бойынша баланы ата-анасынан немесе ата-ананың орнына тағайындалған  заңды өкілдерінен  өзінің қалауынсыз бөлуге тыйым салынады. Ата-анадан, туысынан  айыру  туралы шешім тек қажетті жағдайларда және баланы қорғау мақсатында ғана жасалады.

Осы ережені ескере отырып,  қиын жағдайға ұшыраған балаларды арнайы оқу орындарына жіберу арнайы соттың шешімімен ғана қабылданады.

Қазір республикада девианттық мінез-құлықтары бар балаларға арналған оннан астам арнайы мектеп бар. Осы мектептердің бірі Жамбыл облысының Тараз қаласында орналасқан. «Тараз қалалық арнайы білім беру жағдайына мұқтаж балалар мен жасөспірімдерге арналған арнайы мектеп-интернатында»  30-ға жуық оқушы бар.

Қайырымдылық көмек көрсету мақсатында Жамбыл облысы Аналар кеңесінің мүшелері  облыстық арнайы мектептің оқушыларымен кездесті.  Қайырымдылық тақырыбы үнемі маңызын жойған емес. Осыған байланысты аталған мектептің балаларын  әртүрлі кеңсе керек-жарақтарымен  қамтамасыз етіп, балалардың оқуға деген қызығушылығын ояту және өз шығармашылық қабілеттерін көрсету негізінде  Аналар кеңесі өкілдері оларға  әр тақырыптағы кітаптар, сурет салуға арналған  бояулар,  қылқалам және  альбомдар, ойыншықтар сыйлады. Сонымен бірге, балаларға арналған қайырымдылық түскі ас берілді.

Кездесудің басты мақсаты – қоғамдағы отбасының беделін және ролін нығайтуға, балалардың қараусыздығы мен кәмелетке толмаған балалардың құқық бұзушылықтарының алдын алу,  балалар  мен  жасөспірімдерді патриоттық, рухани-адамгершілік тәрбиелеуге ықпал ету.

Жиын  «Қайырымдылық керуені» ұлттық компаниясының  «Бейбітшілік және келісім керуені» қайырымдылық акциясы аясында өткізілді.

Іс-шараға Аналар кеңесі мүшелері, этномәдени бірлестіктер мен БАҚ өкілдері қатысты.

Кездесу барысында арнайы мектептің балалары қонақтарға концерттік бағдарлама ұсынды. Ұл балалардан ұйымдастырылған домбырашылар тобы халық композиторы Құрманғазы Сағырбайұлының «Ерке сылқым» күйін орындады. Қыздар тобынан құрылған трио «Қазақтың жері», «Анашым – асыл әнім» атты т.б. әндерді  және  өздері  шығарған өлеңдерін жұртшылық назарына ұсынды.

Кездесу соңында «Тараз қалалық Өзбек этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің өкілі, Аналар кеңесі мүшесі – Лобара Гаюпова мен оның дәмхана аспаздары  аталмыш мектептің  барлық оқушыларын түскі ас – дәмді өзбек палауымен тамақтандырды.

Жамбыл облысы Ішкі істер департаментінің  мәліметі бойынша Тараздағы ювеналды істер инспекциясында бір мыңнан астам жасөспірім тіркелген. Арнайы мектептердің басшылары мен  топ тәрбиешілерінің шыдамдылығы мен  жүйелі тәрбиелерінің,  сондай-ақ аналық  қамқорлықтарымен бөлісіп жүрген Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы Аналар кеңесі мүшелерінің арқасында  кәмелетке толмаған  құқық бұзушылар саны азая түсуде.  Осындай игі істер –  қиын өмірлік жағдайға тап болған балалардың  қайта тәрбиеленіп,  жақсы қасиеттерге ие болып,  өз Отанының  лайықты азаматы  болып қалыптасуына  жақсы көмек.

Жамбыл облысы әкімі аппараты

«Қоғамдық келісім» КММ

баспасөз қызметі