БАЙЗАҚТА ЖАҢА ЖОБА ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Байзақ ауданында ҚХА төраға орынбасары Лугмар Буларовтың жетекшілігімен «Біртұтас қоғам: келісім және сенім» арнайы жобасы аясында мемлекеттік, денсаулық сақтау мекемелерінің қызметкерлерімен және мемлекеттік қызмет көрсететін, жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлерімен кездесулер және семинар-тренингтер өткізу жалғасуда.

Мемлекет пен қоғамның сенім мәдениетін, жалпыұлттық құндылықтарды, этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты ілгерілетудің, қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтудың маңыздылығын алға тартқан іс-шараның иедологиясы Әділдік пен Жауапкершілік жалпыұлттық құндылығына негізделген. Жамбыл жерінде қарқында жүріп жатқан жобаның жиынына ҚР Президенті Әкімшілігінің ҚХА сектор меңгерушісі Қайрат Баймульдинов, Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ заң факультетінің аға оқытушысы Р.Тоқатов, Байзақ ауданының прокуроры А.Мулкеманов, өңірлік ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары Ғұлам Умаров, Республикалық Дүнгендер этномәдени бірлестігінің төрағасы Зайнуддин Махусеев, Тараз қаласындағы Өзбек орталығының төрағасы Абдурахман Зайнутдинов, «Қоғамдық келiсiм» КММ басшысының орынбасары Сәуле Құрманқұлова және аудандық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері қатысты.

Іс-шаралар барысында Қайрат Баймульдинов жобаның құрылу тарихына тоқталды. «Бұл жоба ХХІІ сессияның қорытындысы бойынша 2 айға әзірленді. Біз топ құрдық, жаттықтырушылар таптық. Қазір аймақтарға шығып, бейресми форматта түсіндіріп жатырмыз», – деді жоба кураторы өз сөзінде.

Сондай-ақ, өңірлік ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары Ғұлам Мұхтарұлы жоба таныстырылымы жиынында «Өздеріңізге белгілі ағымдағы жылдың наурыз айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясы өткен болатын. Сессия шешімдеріне сәйкес 13 арнайы жоба жүзеге асыру көзделген. Міне бүгінде осы тапсырма нәтижесіне сай, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Лугмар Харкиевичтің жетекшілігімен «Біртұтас қоғам: Келісім және сенім» атты жобасын жүзеге асыру алғаш болып киелі Әулиеата жерінен бастау алды»-деді.

Ғұлам Мұхтарұлы бұдан өзге алдағы жылы бірлік пен келісімнің бірегей институтына айналған ҚХА-на 30 жылдығын да тілге тиек етті. Әулиеатадан бастау алған ауқымды жоба еліміздің барлық аймағында жүзеге асады деп жоспарлануда.