БҰЛ ЖОЛДАУДЫҢ МАҢЫЗЫ АЙРЫҚША

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының кезекті отырысында жасаған Жолдауын тыңдай отырып, жуық арада жүзеге асырылатын саяси реформалардың жаңа бағдарламасымен таныстық. Сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық бағытта атқарылатын іс-шараларға қанықтық.

Президент өз Жолдауында ертеңгі күнге деген сенімді еселей түсетін елеулі өзгерістерге тоқталды. Мұның бәрі де Жаңа Қазақстан құру идеясынан туындайтын міндеттер екенін, сындарлы сәтте оны жүзеге асыруды кешеуілдетпеу керектігін аңғартты.

«Бүгінгі Жолдаудың мән-маңызы айрықша. Оның арқалайтын жүгі бір жылмен шектелмейді, ауқымы кең, мазмұны да бөлек. Біз алдымызға биік мақсаттар қойып отырмыз. Өздеріңізбен бірге Жаңа Қазақстанды құруға кірістік», дей келе Мемлекет басшысы сайлау жүйесі жетілдірілетінін, дала демократиясының дәстүрін жаңғыртуымыз керектігін, елімізде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына Ұлттық құрылтай құрылатынын жеткізді. Сонымен қатар Мәжілістің де құзіреті артатын болды.

«Сенаттың Мәжіліс қабылдаған заңдарды тек мақұлдау немесе мақұлдамау құқығын көздейтін норма енгізген дұрыс деп санаймын. Бұл Мәжіліске заңдар қабылдау құқығы берілетінін білдіреді. Сондай-ақ, Парламент республикалық бюджеттің сапалы орындалуына бақылауды күшейтуі қажет. Осы орайда, Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құруды ұсынамын. Азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән берген жөн. Олардың рөлін арттырып, дербестігін қамтамасыз ету үшін Мәслихат төрағасы лауазымын енгізген жөн. Сондай-ақ, мәслихаттардың ықпалын барынша күшейту үшін облыс әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту қажет деп санаймын», деді Президент Қазақстан халқына арнаған Жолдауында.

Жолдауда айтылған бастамалар еліміздің саяси жүйесі мен әкімшілік-аумақтық құрылымын едәуір өзгертетіндігіне сенім мол. Президент оны жүзеге асыру үшін Конституцияның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізу қажеттігін тілге тиек етті. Сондай-ақ жылдың соңына дейін тағы 20-дан астам заң қабылдау керек. Лайым, Жаңа Қазақстанды жаңғыртуға бағытталған жарқын жобалар жүйесі жүзеге ассын деп тілейміз. Бұл тұрғыда бірлесе еңбек етудің маңызы да зор болмақ.

Гулам УМАРОВ,

Жамбыл облыстық қан орталығының директоры,

 облыстық мәслихаттың депутаты