Бүгін Тараз қаласының Достық үйінде «Жамбыл облысы неміс қоғамы» қоғамдық бірлестігі Пасха мейрамын атап өтті.

Іс-шараның басты мақсаты – неміс этносының  салт-дәстүрі мен мәдениетін дәріптеу. Сондай-ақ, шараға облыстық неміс этномәдени бірлестігінің белсенді мүшелері және өзге де этномәдени бірлестік өкілдері қатысты.

Мерекеге орай жиылғандарды  Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Парида Иманжанқызы құттықтады.  Сонымен қатар, «Жамбыл облысы неміс қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Александр Гибнер  мерекенің мән-мағынасын түсіндіріп, оған атсалысқан барша жандарға алғыс айтты.

Пасха – бұл көктем мезгілі басталуын білдіретін дәстүрлі мереке. Неміс Пасхасыныӊ ерекше белгісі өмір мен жаӊа бастаудыӊ символын білдіретін боялған жұмыртқалар, мол өнімді білдіретін пасха қояны, әртүрлі пісірілген нан және тәттілер.

Мереке барысында ұлттық киім киген «Singende Herzen» вокалдық ансамбьлі неміс халық әндерін орындады. Этномәдени бірлестік жастары  музыкалық және вокалдық нөмірлер дайындап, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.  Ал балалар жиылған көрерменге пасхалық көріністен театрландырылған  үзінділер ұсынды.

Жамбыл облысы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасының

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз орталығы