Бүгін полиэтносты Қазақстанның ХАЛЫҚ САНЫ 20 МЛН-ҒА ЖЕТТІ!

Халық саны соңғы санақтың қорытындылары негізінде есептеліп бүгінде 20 миллионға жетті.

Сарапшылардың пайымдауынша Қазақстанның демографиялық жағдайына қатысты өзекті мәселелер мен оң үрдістер, елдің демографиялық дамуының міндеттері, өңірлердің отбасылық-демографиялық дамуын болжау мен ерекшеліктері талқылану барысында осы мерзімді уақыт — 2023 жылдың соңында 20 миллионға жету керек деп көзделген санақ осы атаулы санды бүгін иеленіп отыр.

Мәдениет және ақпарат Министрлігінің биылғы жылдың 20 қазанда өткен «Отбасы — Қазақстанның демографиялық тұрақты дамуының негізі» атты халықаралық конференциясында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның төрағасы, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева:— «2021 жылы біз соңғы 34 жылдың ішіндегі ең жоғары туу көрсеткішіне жеттік. Жалпы туу коэффициенті 3,3-і құрайды, бұл қарапайым халықтың көбею деңгейінен асып түседі.

Соңғы 10 жылда халық саны шамамен 3 миллион адамға өсті. 2023 жылдың соңына қарай Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетеді деп күтілуде.

Осыған байланысты, Мемлекет басшысы біздің алдымызға: қазіргі демографиялық үрдістерді – бәсекелестік артықшылықтарға айналдыру міндетін қойып отыр.

Соңғы жылдары біз бақылап отырған жоғары туу коэффициенті – адами капиталдың сапасына әсер етпеуі керек. Отбасы институтының қолайлы дамуы үшін жағдай жасау, лайықты өмір мен жұмысқа орналасуды қамтамасыз ету – біздің күш-жігер жұмсайтын негізгі аспектілеріміз»,- деп атап өткен болатын.

Айта кетейік, Қазақстанда халықтың өмір сүру жасының ұзақтығы артып келеді. 2022 жылғы көрсеткіш бойынша бұл – 74,4 жасты құрады. Бұл ретте халық құрылымында жастар үлесінің өсуі байқалады. Ел азаматтарының орташа жасы – 32. Жастардың үлесі шамамен 30% құрайды. Бұл үрдіс одан әрі арта түспек.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі