Бүгін, ағымдағы жылдың 28-сәуірінде Нұр-Сұлтан қаласының ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы музейінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХ сессиясы өтті.
Сессияға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, республикалық және өңірлік ассамблеяның мүшелері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен төрайымдары, қоғам қайраткерлері және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Оның ішінде біздің Жамбыл облысынан облыстық 31 ҚХА мүшелері мен этномәдени бірлестік өкілдері де бар.
ҚХА-ның бүгінгі ХХХ сессиясының негізгі мақсаты – саяси реформа жағдайында Ассамблеяның қызметін қайта форматтау.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХ сессиясы аясында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына ҚХА атынан ұсынылатын кандидатты сайлауға қатысып, дауыс берді. Ел Президенті алдағы уақытта Конституцияға өзгеріс енгізілетіндіктен мұндай форматтағы сайлау соңғы рет өтіп жатқанын атап өтті. Бұған дейін Президент Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Конституцияға өзгертулер енгізуді ұсынған болатын. Осы ретте ҚХА квотасы Мәжілістен Сенатқа ауыстырылып, депутаттар саны 9-дан 5-ке дейін қысқарады. Және Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сөзінде Парламентте Қазақстан халқы Ассамблеясының тиісті орындары сақталатындығы жөнінен де хабардар етті.
Жамбыл облысы әкімдігінің
ішкі саясат басқармасының
«Қоғамдық келісім» КММ
Баспасөз қызметі орталығы