Азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдардың диалогы – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі

2022 жылдың 4 ақпанда “Қоғамдық келісім” КММ-де “Азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдардың диалогы – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” тақырыбында Жамбыл облысы ҚХА жанындағы Ғылыми-сараптамалық тобының кеңейтілген отырысы өтті. Отырысқа Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, ҚХА жастары қатысты.

Отырыс барысында азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара қарым-қатынасқа байланысты түйткілді мәселелер талқыланды. Жиын барысында Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі, Тараз өңірлік М.Х.Дулати университетінің “Философия және саясаттану” кафедрасының аға оқытушысы Ережеп Баярисов Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің қазіргі кезеңдегі әлеуметтік маңызы мен негізгі бағыттары туралы айтып берді. Сонымен бірге Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының Қоғамдық келісім” КММ Ғылыми-сараптамалық сүйемелдеу бөлімінің бас сарапшысы, Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының ғылыми-сараптама тобының мүшесі Ербол Қаншымбеков Жамбыл облысындағы этносаралық жағдайға бірыңғай әлеуметтік мониторинг жүргізу туралы қысқаша ақпарат берді. Аталмыш мониторингтің мақсаты – Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясат үшін практикалық ұсынымдар әзірлеу үшін Қазақстандағы этносаралық ахуалдың жай-күйін, динамикасын және әсер ету факторларын зерделеу.

Жиын  барысында жақында болған қаңтар трагедиясы талқыланды. Профессор, PhD докторы (Болгария) Николай Буюклиев ғалым ретінде басқа елдерде болған оқиғаларды талдауға, талқылауға қатысқандықтан өз білім- тәжірибесімен бөлісті. Іс-шараның модераторы профессор, тарих ғылымдарының докторы, ӨТМИ бас проректоры Асқар Абдуалы өз сөзінде: – Азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара қарым-қатынастар әрдайым келелі мәселе боп көтеріліп келді. Бүгінгі отырысымызда осыған қатысты негізгі тәсілдер мен қағидаттар анықталғанмен, көптеген сауалдар төңірегінде жауаптар соңына жеткізілмеді. Тақырып өте өзекті болғандықтан қатысушылар тарапынан да түрлі пікірлер ортаға салынды. Олар негізделген, негізделмеген боп бөлінсе де, спикерлер мен қатысушылардың ұтымды ұсыныстары назарға алынатын болады. Барлық пікір-ұсыныстарды ескере отырып, оларға зор жауапкершілікпен қарау арқылы нақты шешім қабылдау керектігі сөз болды. Сондай-ақ, іс-шара барысында Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының ғылыми-сараптама тобының мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті профессоры, Сейдахан Бақторазовтың “Әулиеата өңіріндегі жаппай саяси қуғын-сүргін (1917-1939 жж.)” атты монографиясының тұсаукесері өтті.

Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының

Қоғамдық келісім “КММ Баспасөз қызметі орталығы