Ауыртпалықты бірге көтерген абзал

Небір қилы кезеңді, тар заман мен зар заманды бастан өткерген халықпыз. Бауырмалдығымыз бен қонақжайлығымыздың жөні бір бөлек. Жатты жатырқамайтынымыз, бауырмашылдығымыз сол, тағдыр тауқыметін тартып, қазақтың кең даласына күштеп жер аударылған талай халықты құшақ жая қарсы алдық. Паналаттық, үзім нанды бөліп жедік.

Енді міне, сол халықтармен бірге бір шаңырақ астында достық шыраймен, бауырлық пейілмен жарастықта тұрмыс кешіп жатырмыз. Бар қиындықтан бірлік пен ынтымақтың арқасында өтуге серттескенбіз. 16-желтоқсан – Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Қазақ елін және барша этнос өкілдерін ортақ мейрамымызбен құттықтай отырып, ауыртпалықты бірге көтеріп, бүгінде ұлттық тұтастығымызды қадірлеп, әлем алдында беделді мемлекет атағымызды қадірлейік демекпін. Алдағы жылдардан да үлкен үміт күтейік, отандастар!

Бірлік пен келісім құндылықтарын сақтап, этносаралық қақтығыстарға жол бермей, бейбіт өмірде елімізді өркендетуге күш салайық!

Алпысбай Жұмаханов,

Жамбыл ауданы Қоғамдық кеңесінің төрағасы