Ата заң тұрақтылығы – ел тұрақтылығы

Елдік пен өрліктің, адалдық пен татулықтың, бейбітшілік пен тұрақтылықтың, ынтымақ пен берекенің  кепілі болған Конституциямыз дүниежүзілік қауымдастықтан өзінің лайықты орнын әлдеқашан алды. Қазіргі Ата Заң – еліміздің өтпелі және одан әрі алға даму кезеңіндегі маңызды әрі тарихи құжат. Сондықтан республиканың әрбір азаматы оның мазмұнын жете біліп, талаптары мен қағидаларын мүлтіксіз сақтауға, мемлекеттік рәміздерді және ұлттық құндылықтарды құрметтеуге міндетті.

Кез-келген елдің болмасын тұрмыс-тіршілігін реттейтін заңы бар. Қазақстан халқы да өз отауын тіккелі елдің берекесі мен бірлігін сақтайтын заңын қабылдады. Негізі еліміздің  алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда ХІІ шақырылған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің ІХ сессиясында қабылданып, ол кіріспеден, 4 бөлім, 21 тарау және 131 баптан тұрады. Ал бүгінде ширек ғасырдан астам уақытты артқа тастаған Ата Заңымыз 1995 жылы  наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясының бірінші сессиясында ұсынылған болатын. Еліміздің басты құжаты  1995 жылы 30 тамызда қабылданды. Яғни, дәл осы күні республикада бүкілхалықтық референдум өткен.  Нәтижесінде Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданған.

Айбынды Ата Заңымыз қабылданғаннан кейін оған 1998, 2007 және 2011 жылдары өзгертулер енгізілді. Осылайша әлемдік өркениеттің шыңына ұмтылған Қазақстан халқы тарихи да тағдырлы шешім қабылдап, жасампаз жаңа дәуірге қадам басты.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1995 жылғы 24 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясының бірінші сессиясында: «Демократиялық қоғамның ажырамас анықтағышы – шынайы заң үстемдігі, барлық азаматтардың қоғаммен жасалған және қабылданған ережелерді сақтауы болып табылады. Сіздерді және барлық азаматтарды ерекше жауапкершілікті сезінуге шақырамын, біздің үлесімізге ұлы өзгеріс заманында өмір сүру және әрекет ету тиіп отыр. Біздің бүгінгі істегенімізге, ертең біздің ұрпағымыз баға береді. ХХІ ғасырға Қазақстанның қандай болып кіруі бізге байланысты! Біздің балаларымыздың да тағдыры солай болмақ» – деген болатын.

Мен, бірлігіміз бен ынтымағымыздың ыстық ұясына айналған, әлемде бейбітшілік пен келісімнің ең үздік  баламасыз институты ҚХА түндігін түрген алғашқы сессиясында еліміздің басты құжаты Ата Заңымыздың ұсынылуының өзі тарихи құбылыс екенін атап өткім келеді. Сондай-ақ Елбасы сөзінен ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміздің артқанын және олардың тағдырының алдында арқалар жүгіміздің ауырлығын ұғынуға болады. Менің пікірімде, өз ұрпағымыз бен Отанымыз үшін еткен әр еңбегімізді ерекше құлшыныс, зор ынта-жігермен істеуіміз қажет деп білемін.

Әрбір қазақ­стандықтың Конс­­титуциясының мемлекет пен қоғам үшін ғана емес, сонымен бірге жеке өзі, өз отбасы мен өз балалары үшін де мәнділігін бағалай білу, өз міндеттемелерін қастерлеп сақтап, орындауы маңызды. Конституция біздің басты құн­дылығымыз – Тәуелсіздікті, бейбітшілік пен тұрақтылықты ғасырларға бекітті. Барша мем­лекеттік институттардың, әрбір қазақстандықтың парызы – осы құндылықтардың қырағы күзету.

Ата заң – мемлекеттің тірегі. Ата заң тұрақтылығы – елдің тұрақтылығы!  Заңы үстем елдің қашан да заманы тыныш болмақ.

 

 

Айгүл Кабиева,

 «Әулие  Ата» Қазақ мәдени орталығының орынбасары,

Жамбыл облыстық ҚХА мүшесі