Ассамблея жастары – бейбітшілік пен келісімнің сенімді діңгегі

Қазір Отанымыздың астанасы Нұрсұлтан қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХ сессиясы өтуде. Шараның жоғары деңгейін, жаңа форматын және қызықты көрсетілімін атап өткім келеді. Делегаттардың пікір алмасуға, өз ұсыныстарын атап айтуға, өз көзқарасын білдіруге мүмкіндіктері мол болды. Бұл сессия спикерлер мен ҚХА мүшелері арасында өте пайдалы пікірталастармен ерекшеленді. Сөз сөйлеушілер Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысына қатысты нақты ұсыныстар енгізді. Пікірталас барысында мен этномәдени бірлестіктер өкілдерінің қаншалықты ойларын еркін, ашық жеткізе алатындарына қайран қалдым. Жастарға қатысты секцияларда жас ұрпақтың ассамблея мақсат-міндеттерін атқарудағы  тиянақты іс-қимылдарын,   аға буын алдындағы белсенділігін ерекше атап өткім келеді. Бұл жастардың Қазақстан халқы Ассамблеясының бүгінгі сессиядағы  Ассамблеяға байланысты пікір-ұсыныстарын естіп,  көңілдері жүйрік, ойлары терең жастарымыздың ой еркіндігі мен талмас талаптарына тәнті болдым.

Бұған қоса, бүгінгі күннің екінші жартысында ҚХА-ның ХХХ сессиясы аясында Тараз қаласы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар сессиясы да өтті. Оған облысымыздың белсенділері – «Ассамблея жастары» ҚБ мүшелері қатысты. Онлайн түрінде өткен іс-шараға қатысушылар өз идеяларымен бөлісіп, өзекті мәселелерді ашық түрде талқылады.

Өз басым Қазақстан халқы Ассамблеясының сессияларына үзбей қатысып келемін және әр сессия сайын тың дүниелер біліп, Әулиеата өңіріме ерекше сезімде ораламын. Сессия барысында  мемлекетіміз бен еліміздің бақытты болашағы үшін қозғалған маңызды мәселелер өз шешімін табады деген үміттемін. Тұңғыш Президент айтқандай  «Қазақстан халқы Ассамблеясы тірек ретінде іс басындағы Президенттің жанында тұруы тиіс және екінші жағынан Мемлекет басшысы да Ассамблеяға арқа сүйейді» деген нақыл тектес сөздері жастардың әрқашан жадында. Ендеше, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әділетті де мығым саясатына жастарымыз толық сенім артары сөзсіз.

Жамбыл облыстық Махмұт Қашқари атныдағы Ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы Мухабат Турдыева