Ақжелкендіктер балалар үйінде

0

«25 мейірімді іс» акциясы аясында облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы «Ақ желкен» жастар лигасының мүшелері Сарымолдаев атындағы балалар үйінде барды. Ақжелкендіктерді балалар үйінің тәрбиеленушілері мен ұстаздары жылы қарсы алды. Кездесу жастардың балалар үйінің тәрбиеленушілерімен танысудан, олардың Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Ақ желкен» жастар лигасы туралы әңгімелерінен басталды.

«Ақ желкен» жастар лигасының төрағасы, «Вынхуа» дүнген этномәдени орталығы Ассоциациясы жастар қанатының белді көшбасшысы Зайнуддин Махусеев өз сөзінде: «Біздің басты мақсатымыз қуаныш пен жылулық қай жерде аздау келсе, сол жерге барып қолдан келгенімізді аямау. Сондай жердің бірі осы балалар үйі. Ата-анасы жо бала – қанаты кесілген құспен тең. Біз жастар осы балалардың өміріне аз ғана болса да қуаныш пен мейірімділікті сыйлауымыз керек. Бұл әрбіріміздің өмірімізге тек жақсылық әкелетіні сөзсіз», -деді.

Кездесуге келген жастар лигасының мүшелері балалар үйінің тәрбиеленушілеріне  өз елінің патриоттары болуға шақыра отырып, оларға сабақтарын жақсы оқуға, алға қойған мақсаттарына жетуіне тілек білдірді. Іс-шара барысында жастар мен тәрбиеленушілер үлкен дастархан үстінде бас қосты.  Балалар үйінің тәрбиеленушілері атынан Тимофеев Савели қонақтарға   алғысын білдіріп, әсем әнін орындады. Ұстаздар атынан Тоқмырзаева Нұрзада  жастарға үлкен алғысын айта отырып, алдағы уақытта балалар үйінің тәрбиеленушілерімен қосылып іс-шара өткізуді ұсынды.

Осындай кездесуден  үлкен әсер алған балалар өз қуаныштарын жасыра алмады. Олар қонақтарды қимай шығарып салды.  Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының жанынан құрылған «Ақ желкен» жастар лигасысының мүшелері өз кезегінде бұл соңғы кездесу емес екендігін  айтып, балалар үйінің тәрбиеленушілерімен қоштасты.