Ақсақалдар сөзі – заң

0

Жамбыл облысының көпұлтты халқының арасында дүнгендер – саны ең көп этнос болып есептеледі. Олар өздерінің мәдениетін, салт-дәстүрлерін сақтап және өз тіліне деген құрметін жылдан жылға арттырып келеді. Жастарын еңбекқорлыққа, өзара сыйластыққа, қонақжайлылыққа және патриоттық сезімге тәрбиелейді.

– Нәтижесінде дүнген халқы арасында жастардың  үлкендерден үлгі алып, оларды құрметтеуі, сөздерін екі етпей орындауы қалыптасқан. Жуырда ақсақалдарымыз жастар арасындағы келеңсіз жағдайлардың орын алуы олардың ішімдікке құмарлығынан туындайды деген ой тастады, – деді өз сөзінде Жамбыл облыстық «Вынхуа» дүнген мәдени орталығы  қауымдастығының басшысы Руслан Исмазов. – Осылайша ақсақалдар мен мешіт имамдары кәсіпкерлерге барып,  барлық дүкендерден ішімдік және мүмкіндігіне орай темекі өнімдерін алып тастауды немесе шектеуді сұрады. Қордай және Жамбыл аудандарындағы бірнеше дүкендерден аталған өнімдер тіптен алынып тасталды.

Осындай шараның қолданылуының нәтижесін ауыл тұрғындары тез-ақ сезінді. Себебі, ауылдарда тәртіп бұзушылық едәуір төмендеп, жастар салауатты өмір салтын ұстана бастады.

Ақсақалдарымыздың арқасында басқа да осы іспеттес шаралар жиі қолданылып тұрады. Айталық, жастар некелерін қияр сәтте мешіт имамдары алдында дін және отбасылық қарысм-қатынас этикасы мәселелері бойынша бірнеше сұраққа жауап берулері тиіс. Бұл олардың отбасылық өмірінде үлкен маңызға ие болатыны анық.

Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінде жастарымыздың тәрбиесіне, олардың қоғамда өз орындарын табуларына үлкен мән береді. Бұл орайда қоғамдық келісім кеңестерінің атқаратын рөлі зор, себебі олар өсіп келе жатқан жас ұрпақпен көптеген кездесулер, әңгімелесулер өткізеді. Оларда терроризм мен экстремизмнің қаупі туралы, бейбітшілік пен келісімді нығайта және сақтай отырып, Қазақстанды мекендейтін этностардың мәдениетін, салт-дәстүрін құрметтеу керектігі кеңінен айтылады. Мұндай жұмыстың жақсы нәтиже беретіні анық, сол себепті олар әрі қарай да жалғасын табады.

Жамбыл облысы әкімі аппаратының

«Қоғамдық келісім» КММ баспасөз-қызметі.