Ағайынды Зайнутдиновтар – игі істің жаршылары

Үстіміздегі жылдың қаңтарында Жамбыл облысы Ішкі істер органдарының ардагерлері ағайынды Зайнутдиновтар Тараз қаласы полиция департаменті мен полиция басқармасының қираған ғимараттарын қалпына келтіріп жатқан полиция қызметкерлері мен жұмысшыларға қайырымдылық түскі ас ұйымдастырды. Үлкен ағасы Абдурахман Тараз қаласының өзбек орталығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ал кіші Абдурахим – Мырхалық қажы атындағы мешіттің имамы. Бүгін мұсылман діндарларының және қалалық Өзбек орталығы мүшелерінің қолдауымен аталған полиция нысандарында жұмыс істейтін 200-ден астам адамға пештен жаңа шыққан ыстық таба нан мен хош иісті өзбек палауы түскі ас ретінде берілді. ІІО ардагерлері қаза тапқан полицейлер мен ҚР Ұлттық гвардиясы жауынгерлерінің отбасыларына шын жүректен көңіл айтты, ал жараланғандар мен жарақат алғандардың тезірек сауығып, қатарға оралуын тіледі. Абдурахман ІІО қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша қылмысқа қарсы күресте әрдайым алдыңғы қатарда екенін атап өтті. Кеңестік кезең болсын, Тәуелсіз Қазақстан жылдары болсын, олар өз өмірлерін қатерге тіге отырып, өздерінің қызметтік борыштарын абыроймен атқарып келеді. “Қаңтар трагедиясы” күндері полицейлер лаңкестік көріністермен күресте батылдық пен табандылық танытты. Ағайынды Зайнутдиновтар қоғам мен азаматтарды осы қиын уақытта полиция қызметкерлерін қолдауға шақырды.

 

Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының

“Қоғамдық келісім” КММ Баспасөз қызметі орталығы