Тараздағы Достық үйіне Өзбекстан Республикасынан делегация келді
Ағымдағы жылдың маусымында өңірлік Достық үйіне Өзбекстан Республикасы Премьер министрінің кеңесшісі Мехриддин Хайриддинов бастаған өзбек делегациясы ат басын бұрды.
Этносаралық келісім мен қоғамдағы бірлікті одан әрі нығайту, екі ел арасындағы достықты арттыруды басты мақсат етіп келген бауырлас халық аймақтық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, Тараз қаласындағы өзбек ұлтының өкілдері мен Өзбекстан Республикасынан келіп жұмыс істеп жүрген азаматтармен кездесті.
Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы, Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастырған келелі кездесуге Өзбекстан Республикасының делегациясы, облыстық әкімдіктің және Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы қызметкерлері, «Қоғамдық келісім» КММ ұжымы, Жамбыл облысы өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы және мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты.
Көршілес елден келген делегацияны күтіп алу шарасы Облыстық этномәдени бірлестіктердің экспозициялары және өзбек этномәдени бірлестігінің көрмесін таныстырумен басталды. Көрме басрысында сан түрлі этностың тарихынан сыр шертер ұлттық нақыштар және өзбек халқының бұйымдары туралы толық қанды мәлімет беріліп, сәні мен сәулеті келіскен Достық үйінің ішіне саяхат жасады.
Мұнан соң өңірге келген бір топ делегация өкілдерінің қатысуымен өңірлік өзбек этномәдени бірлестігінің өкілдері және Жамбыл облыстық ЭМБ жетешілерімен жиын өтті. Онда бауырлас екі елдің саясаты, аймақтық өзбек этносының хал-ахуалы сынды ортақ мәселелер қозғалды. Жиын барысында модераторлық еткен Жамбыл облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Бейқұт Жаманкөзов аймақтық ассамблея мен этностар туралы жалпы ақпарат беріп, сөз тізгінін Өзбекстан Республикасы Премьер министрінің кеңесшісі М. Хайриддиновке берді.
Делегация басшысы «2021 жыл Өзбекстан үшін ерекше жыл. Бізде Қазақстан секілді биылғы жылы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын тойлағалы отырмыз. Сонымен қатар, биылғы жылы екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа да 30 жыл толып отыр. Бауырлас халықтардың арасындағы байланыс жан-жақты нығайып жатқанына қуаныштымыз. Қазақстанның Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Алматы, Тараз қалаларын аралап келеміз. Алда Түркістан мен Шымкент қалаларына баруды жоспарлап отырмыз. Мұндағы басты мақсат 24 қазан күні өтетін Өзбекстан Президентін сайлауда Қазақстанда уақытша тұрып жатқан өзбек азаматтарының сайлауға белсенді қатысуға шақыру болып табылады. Мен Қазақстанда тұрып жатқан өзбек этносының сайлауға біркелкі қатысатынына сенемін» деп, сұрақ қоюшы, тілек білдірушілер болса кері байланысқа шығатынын айтты.
Мұнан соң сөз кезегі Жамбыл облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Бахром Муминов «Жамбыл облысына қош келдіңіз! Бұл жер достық үйі деп аталады. Мұнда отыруымыз тегін емес. Достық үйі барлық этнос өкілдерінің басы қосылатын, түрлі мәселелер талқыланатын бірегей алаң. Жергілікті өзбек этностары туралы айтар болсам қыз беріп қыз алып құдаласып жатқан, қазақ елімен туыстас, бауырлас халықпыз. Мұнда бізді ешқашан өзбек халқы деп бөліп жармай, тіпті шен беріп жоғарғы билікке де отырғызды. Одан өзге осы залда медицина қызметкерлері, кәсіпкерлер, Ауған соғысының ардагерлері, музыканттар, құқық қорғау қызметкерлерінің өкілдері отыр. Мұнда ешқашан бізді қазақсың, өзбексің деп бөлмей бірдей қараған. Мұнда өзбек этностарының балалары арналған бала-бақшалар мен мектептер бар» – деп, жергілікті өзбек этносының тыныс-тіршілігімен таныстырып өтті.
Жиын соңыңында делегация мүшелеріне сұрақтар қойылып, тілектер айтылды.
Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ
«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі орталығы