Халықаралық театр күні

Ағымдағы жылдың наурыз айында Тараз қаласының Достық үйі ғимаратында 27 наурыз – Халықаралық театр күніне орай «Жамбыл облысы неміс қоғамы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Қазақстандағы неміс театры» тақырыбында таныстырылым өтті.

Іс-шараның басты мақсаты – неміс этносының  салт-дәстүрі мен мәдениетін дәріптеу. Сондай-ақ отырысқа  неміс этномәдени бірлестігінің мүшелері мен жастар қанаты қатысты.

Этномәдени бірлестік төрағасы Александр Гибнер қатысушыларды Қазақстандағы неміс театрының тарихымен таныстырып, ерекше қызықты форматта викториналық ойын ұйымдастырды. Сауалдарға дұрыс жауап беріп суырылып шыққан 4 көрерменге құнды сыйлықтар табысталды.

Айта кетейік, Қазақстандағы бірінші неміс театры 1975 жылы Қаз КСР мәдениет министрлігінің №34 бұйрығымен ашылды. Араға бес жыл салып Мәскеудегі кіші театрдың жанында құрылған Щепкин атындағы жоғары училищенің 30 түлегі Теміртау қаласына келді. Олар аталған театрда көп уақыт жұмыс істеп, оның жан-жақты дамуына атсалысты.

Қазіргі таңда Республикалық Неміс Драма театры басынан өткен өзіндік қиыншылықтардан кейін неміс халқының мәдени мұрасын сақтауға және насихаттауға атсалысуда.Жыл сайын театр репертуары жаңартылып, оған өзге елдердің сазгерлері мен режиссерлері тартылады.

Қазіргі кезде неміс театры интернационалды тұрғыда қалыптасып, өз мәдени жұмыстарын жалғастыруда.

Жамбыл облысы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасының

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз орталығы