Жамбыл ауданында ҚХА Аналар кеңесі өтті
Үстіміздегі жылдың 16 наурызында Жамбыл облысының Талас ауданы, Қаратау қаласында Аналар кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының және “Қоғамдық келісім” КММ ұйымдастыруымен өткен іс-шараға аудандық Аналар кеңесі мүшелері, облыстық және аудандық ІСБ және “Қоғамдық келісім” мекемесінің қызметкерлері қатысты. Әдістемелік бөлімінің басшысы Аққу Қаратайқызының қатысуымен іс-шарада аудан аналары бірқатар өзекті мәселелерді алға қойды. Мәселен, орын алған қазіргі пандемия жағдайындағы әлеуметтік төлемдер, жәрдемақылардың объективті төленбеуі, мектеп оқушыларының дұрыс тамақтанбауы, балалардың бір-біріне деген сыйластығының жоқтығы, яғни, балалар тәрбиесіне ата-ана тарапынан мән берілмейтіндігі, аталмыш аудан мен оның шалғай ауылдарындағы тұрғылықты елдің әлеуметтік ахуалының төмендігі сияқты т.б. жергілікті халықты толғандырып жүрген азды-көпті мәселелер талқыланды. Және де осы аталған проблемаларды қоғамдық ұйымдар қадағалауын сұрады. Осыған орай, аудандық кәрістер этномәдени орталығының өкілі, Аналар кеңесінің мүшесі Екатерина Цой: – Пандемия жағдайында дәстүрлі оқу формасындағы мектеп оқушыларын тамақпен қамтамасыз ету ұйымдастырылмады. Шалғайдағы ауыл балалары үшін буфеттер де жұмыс істемейді.
Көпбалалы отбасылар өз балаларын намыссыздыққа, жұмыссыздыққа, салғырттыққа, қайырымсыздыққа үйретіп алмас үшін әрбір ана балаларының тәрбиесіне жіті қарағаны жөн, – деді.
Сонымен бірге, аудандық кітапхана меңгерушісі, іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі Жұмабекова Шынар жастар бойындағы масылдық қасиетті жою мақсатында ауданда және ауылдық округтерде тігін цехын және қолөнер, наубайхана сияқты шағын өндіріс орындарын ашуды ұйымдастыру жөнінде де өз пікірін ортаға салды.
Сондай-ақ, «Таластың сөнбес сәулесі» ұйымының жетекшісі Ақсәуле Байболатова да орын алған карантин режимінде барлык салмақ аналарға түсетіндіктен, Жамбыл облысы психологтары дағдарыстағы аналарға көмек беру санатында арнайы инстапарақша ашуды және балалардың әлеуметтік желілерде қауіпсіздігін сақтау мақсатында 13-14 жас мектеп оқушылары арасында кибербуллинг ұйымдастыру тәрізді ойларымен бөлісті. Отырыста талқыланған мәселелер өкілетті органдар тарапынан жауапсыз қалдырылмай, шама-шарқынша қарастырылып, өз шешімін табады деген сенімдеміз.
Бибігүл Шахзада,
Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ басқармасы
«Қоғамдық келісім» КММ
баспасөз хатшысы