«Қазақстанның этникалық және мәдени алуан түрлілігін – бәсекелестік артықшылыққа және елдің тәуелсіздігі мен дамуын нығайтуға арналған құралға»

Бақыт Сырлыбаев,

Жамбыл облысы

Жамбыл аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы

2020 жылғы 11 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысы өткен отырыста «Қазақстанның этникалық және мәдени алуан түрлілігін – бәсекелестік артықшылыққа және елдің тәуелсіздігі мен дамуын нығайтуға арналған құралға» трансформациялау қажеттілігі белгіленді.

Бірлік пен келісімнің әлеуметтік капиталын нығайту, этностар арасындағы өзара әрекеттестіктің жаңа алаңдарын қалыптастыру, этникалық мәселені саясиландыруға жол бермеу, этникалық негіздегі кез келген жанжалды бейтараптандыру маңызды екенін көріп отырмыз. Бұл – барлық билік институттары мен азаматтық қоғамның мәселесі.

Биыл қысқа мерзімде еліміздегі этносаралық процестерді басқаруға қатысты әдістемелерді ауыстыруға бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылды.

Сайлауалды жиында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының Ұлттық жаңғырудың өзегіне айналуы, мемлекеттік тіл мәселесі, еңбек, жауапкершілік, білім және кәсіби құндылықтарды белсенді насихаттау, бұқаралық санада деструктивті өшпенділікке қарсы мәдени және ділдік қалқан құру сияқты тың, келелі мәселелерді іске асыру көзделген болатын.

Өзім де ардагер ретінде аудандағы ізгілікті істердің басы-қасында жүріп талай игіліктің куәсі болдым. Бүкіл әлемді дерт жайлаған биылғы ауыр жылдың өзінде біз осындай құндылықтарымызды ұмытпай, аудан аумағында өткізілген ізгі іс-шаралардың нәтиже бергеніне қуанамын. Мәселен, 30-ға жуық түрлі этнос өкілдері тұратын ауданымызда ағымдағы жылдың желтоқсан айында әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға, көпбалалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету, қолдау білдіру мақсатында түрлі қайырымдылық акциялары ұйымдастырылды. «Бірлік пен келісім» тақырыбында онлайн сабақтар, «Біз біргеміз!» телемарафоны, өзге ұлт өкілдері шоғырланған ауылдық округтерде қаншама кеңейтілген көшпелі отырыстар өткізілді. Мұның барлығы – татулық пен бірліктің арқасы.

Міне, аркез тағатсыздана күтетін Сайлау да келіп жетті. Ел игілігіне қарай ұйымдастырылатын сайлау қарсаңында барлық ұлт пен ұлыс өкілдерін, барша қазақстандықтарды әділ сайлауға қатысуға шақырамын!

ҚР Конституциялық заңының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» 87 бабы және ҚР Заңының «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» 10 бабына сәйкес, ҚХА Кеңесі Ассамблеядан сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына Ассамблеядан сайланатын 9 үміткерді ұсынылыпты. Біздің облысымыздан Буларов Ильяс Юсупович – Жамбыл облысы Қордай ауданы Сартөбе ауылдық округінің әкімі үміткер. Осы 9 үміткердің де жолдары болсын! Бәрі де жерлесіміз

батыр Бауыржан айтқандай «ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгіне», жұлқына қызмет етіп жүрген азаматтар.

Ең бастысы – ел татулығына іріткі салар жел сөздерге ермей, сенбей, арандатудан аулақ боп, сайлауға бір адамдай қатыссақ, барлық Қазақстан іс-шараларына бірдей атсалыссақ, елдігіміз де, егемендігіміз де өміршең болмақ.