Тараз қаласының Достық үйінде «Әулие Ата» қазақ мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің мәдениет күні өтті

Ағымдағы жылдың қарашасында Тараз қаласындағы Достық үйінде «Әулие Ата» қазақ мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі мәдениет күнін өткізді.

Іс-шара «Бэл-Арт» би ансамбілінің биімен басталып, Ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Рано Убайдуллаеваның құттықтау сөзімен жалғасты. Рано Махсұдқызы өз сөзінде Қазақстандық бірегейлік пен келісім туралы сөз қозғап, мәдени орталықтын жұмысына баға беріп, алғысын білдіре отырып, орталықтың белсенділеріне алғыс хаттар табыстады.

Орталықтың белсендісі Бегімбетов Заман Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін сарынына келтіріп орындап көпшіліктің құрметіне бөленді.

Сонымен қатар, мәдени орталықтың төраға орынбасары Кабиева Айгүл Кабиқызы атқарылған жұмыстар туралы есеп бере отырып, жастар қанатының белсенді мүшелеріне алғыс хаттар табыстады. – Қазақстандағы этносаралық қатынастардың әлемдік қауымдастық тарапынан бағалануы, ең алдымен, қазақ ұлтының еншісінде екендігі айқын. Осы тұрғыда ұлтымыздың тілін, ұлттық мәдениетін, құндылығын, ерекшелігін сақтау, өзге ұлт өкілдеріне дәріптеу мақсатын ұстанған «Әулие Ата» қазақ мәдени орталығының рөлі зор. Мәдени орталық көне Тараз жеріндегі қазақ халқын ортақ мақсатқа ұйыстыра отырып, облысымыздағы тұрақтылықты сақтау мен дамуына айтулы үлес қосып отыр. Бүгінгі күнге дейін бірнеше баспалдақтан көтеріліп, бірталай белестерді бағындырған мәдени орталық өз қызметін облыстағы, республикадағы ұлттық орталықтармен тығыз қарым-қатынаста жүргізуде. Белсенді қызметтің, атқарылған іс-шаралардың мақсаты – өзге ұлт өкілдеріне ұлттық құндылықтарымызды таныту, ұлтаралық қатынасты нығайтып, ынтымағымыз бен бірлігімізді арттырып, егеменді еліміздің мәртебесін көтеру, ел болашағы – жастарға халқымыздың тілін, ділін, ежелден келе жатқан салт-дәстүрін, тарихын, мәдениетін, ұлттық өнерін насихаттап үйрету, бойына сіңіруге, дамытуға септігін тигізу, – деп атап көрсетті бірлестік мүшесі Айгүл Кабиева.

Іс-шара соңында бірлестіктің жас әншісі Тұрсынбек Диана көрермендерге арнап «Аяулым» әнін орындады.

Қазақ мәдени бірлестігі облыста өткізілетін этносаралық қарым-қатынасты нығайтуға, халықтар достығын дамытуға бағытталған барлық іс-шараларға белсенді қатысатындықтан, дәстүрлі тілде өткізілетін бұл мәдениет және өнер күні халықтардың достығы мен бірлігін бекітіп, серіктестікті кеңейте түсері сөзсіз.

Жамбыл облыстық әкімдігі

ішкі саясат басқармасының

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз орталығы