Таразда «Жамбыл жырлары» атты өзге ұлт өкілдері арасындағы облыстық байқауы өтті

 

Ағымдағы жылдың қарашасында Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының ұйымдастыруымен жыр дүлдүлі, айтыс өнерінің дарабозы Жамбыл Жабаевтың шығармаларын насихаттау, мемлекеттік тіл мәртебесін асқақтату және отансүйгіштік сезімін арттыру мақсатында өзге ұлт өкілдері арасында өткен облыстық «Жамбыл жырлары» байқауы өтті.

Қазан айында бастау алған байқау бұған дейін Жамбыл облысының 10 ауданы мен Тараз қаласында өткізіліп, іріктеу кезеңіне қатысқан 70-тен астам үміткердің 17-сі облыстық байқауға жолдама алған. Олардың ішінде өзбек, моңғол, орыс, ұйғыр, шешен, татар, болгар, қарашай, қырғыз, күрді, дүнген, әзербайжан, кәріс ұлттарының өкілдері бар.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы аясында ұйымдастырылған бұл іс-шара екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезең – Жамбылдың жырларын мәнерлеп, нақышына келтіре отырып жатқа оқу болса, екіншісі – қазақтың халық әндерін немесе халық композиторларының әндерін жанды дауыста орындау.

Аталмыш байқауға қатысушылардың жас ерекшелігіне шектеу қойылмады. Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде теледидарда барлығынан өзге ерекшеленіп, ұлттық саз аспаптарының сүйемелдеуімен өнер көрсеткен Жамбыл ауданынан келген ұйғыр ұлтының өкілі – Мухаббат Алеханова, 1-орын мен ноутбук сыйлығын Меркілік қарашай-балқар ұлтының өкілі Анеля Гочаева иеленсе, екінші орын Байзақ аудандық моңғол ұлтының өкілі Салтанат Жаба мен Қордай аудандық орыс ұлтының өкілі Любовь Харченкоға бұйырды. Оларға арнайы дипломдары мен смартфон сыйлықтары табысталды. Ал үшінші орынды Қордайдан келген кәріс ұлтының өкілі Тимур Ким, Т.Рысқұлов ауданынан келген қырғыз ұлтының өкілі Жамболат Самарұлы, Шулық әзірбайжан ұлтының өкілі Сабина Фараджаева алды. Оларға сый ретінде планшет тапсырылды.

Айта кетерлік байқаудың тағы бір ерекшелігі – мемлекеттік мекемелер мен облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері өз тараптарынан арнайы жүлделер тағайындады.

Облыстық халық шығармашылығы орталығы қатысушылардың ішіндегі Қордай ауданының Масаншы ауылынан келген дүнген ұлтының өкілі Дариға Улюрованың өнерін ерекше бағалап, алғыс хат пен ақшалай сыйлығын табыстады.

Облыстық білім басқармасының мәнерлеп үздік оқығаны үшін тағайындаған арнайы сыйы Сарысу аудандық татар ұлтының өкілі Алсу Фахриддиноваға бұйырды.

Сондай-ақ, байқауға Жамбыл облыстық ҚХА «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының еріктілері, «Вынхуа» дүнгендер этнобірлестігінің жас мүшелері және қалалық №34 мектептің 10 сынып оқушылары Искакова Руфина мен Курбанова Амина қатысты. Курбанова Амина үздік өнер көрсеткені үшін номинация бойынша ынталандыру сыйлығымен марапатталса, Искакова Руфина «Тілдерді дамыту» басқармасының арнайы жүлдесінің иегері атанды.

Іс-шара жоғары деңгейде өтіп, қатысушылар өз ризашылықтарын білдірді.

Жамбыл облысы әкімдігі

Ішкі саясат басқармасының

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз орталығы