ҮЛГІЛІ ШАҢЫРАҚ ИЕЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Бақытты әрі берік шаңырақ – берекелі қоғамның және мемлекеттің мызғымас тірегі. Олар қашанда өзгеге үлгі болмақ.

Халықаралық отбасы күні мерекесі қарсаңында ҚХА-ның ұйымдастыруымен «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасының «Адал азамат тәрбиелеген отбасы» бағыты аясында 50 жыл отасқан «Алтын шаңырақ» және 25 жыл отасқан «Күміс кереге» номинациялары бойынша өңірдегі үлгілі отбасылар марапат төрінен табылды.

Достық үйінде өткен мерекелік шарада облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Мамашев және республикалық Дүнгендер этномәдени бірлестігі Аналар кеңесінің төрағасы Сара Даузова арнайы номинация бойынша облыстағы отбасы құндылығын сақтап, нығайтуға үлес қосқан отбасыларды марапаттап, ізгі тілектерін білдірді.

Талай жылғы татулығы кейінгі ұрпаққа өнеге болған 53 жыл отасқан Алдаберді Мақашев пен Әсия Исмаилова «Алтын шаңырақ» номинация иелері атанса, 38 жыл отасқан жуалылық Сейфатдин Алекпаров пен Лалазар Алекпаровалар отбасы «Күміс кереге» номинациясын иеленді. Ал Сарысу ауданынан келген Жансерік Базаров пен Жеңісай Искаковалар отбасы және Т.Рысқұлов ауданының өнегелі шаңырақ иелері Жандос Болатбеков пен Гүлжан Күлегешовалар «Үлгілі отбасы» номинациясы бойынша марапатталды.

Халықаралық отбасы күні мерекесіне орай, облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесі «Менің отбасымның дәстүрлері» онлайн байқауын ұйымдастырды.

Ағымдағы жылдың 11 қыркүйегінде байқау қорытындысы жарияланып, марапаттау рәсімі өтті.

Аталмыш дәстүрлі байқауға қатысуға биыл 8 отбасы ниет білдірді. Отбасы құндылығын насихаттап, дәстүрді дәріптеген сайыста қатысушылар жан-жақты өнерлерін ортаға салып, бейнероликтерін мекеменің әлеуметтік желідегі парақшаларына орналастырды.

Байқау үміткерлерінің жұмыстары көп лүпіл пен пікір жинау арқылы сарапқа салынды. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлерін «Қоғамдық келісім» мекемесі басшысының орынбасары Сәуле Құрманқұлова марапаттап, өнегелі отбасы – қоғам байлығы екендігін алға тартты.

Сайыс нәтижесіне сай, тараздық Исатаевтар жеңімпаз атанды. Ал шаңырақтағы береке мен бірліктің жарқын үлгісін көрсеткен Камбаровтар әулеті жүлделі екінші орынға ие болса, Металимовтар мен Таукеновтар отбасына үшінші орын бұйырды.

Байқауға қатысқан Таласбаевтар, Кучалиевтер, Искендировтар, Амоевтер отбасы Арнайы алғыс хаттармен марапатталып, барлық қатысушылар сый-сияпаттарға ие болды. Мерекелік шара соңында көрермендерге өңірлік этномәдени бірлестіктердің концерттік бағдарламасы ұсынылды.