ӨНЕРЛІГЕ ӨРІС КЕҢ

Жамбыл облысының 85 жылдығы мен «Астана күні» мерекесіне орай өңірлік «Qoloner-Taraz» қоғамдық бірлестігі және «Көркемсурет галереясының» ұйымдастыруымен  «Өнерліге өріс кең»  атты қолөнершілер көрмесі өтті.

Көне Тараз тарихи-этномәдени кешенінде өткен көрмеге аталмыш бірлестіктің қолөнер шеберлерінің дәстүрлі және заманауи туындылары қойылды. Бүгінде бірлестік құрамында  20-78 жас аралығындағы ұлттық өнерді қайта жаңғыртып, өзінің сүйікті ісіне айналдыра білген 75 шебер белсенді еңбек етуде.

Айта кетейік, ұжым құрамында өңірлік ҚХА жанынан құрылған қолөнер шеберлері үйірмесінің мүшелері бар. Көрменің ашылу салтанатына Тараз қаласы әкімінің  орынбасары Гүлдана Жауынбекова қатысып, төл өнердің өшпес құндылық екендігіне ерекше тоқталды. Мәдени шара барысында облыстық тарихи өлкетану музейі директорының орынбасары Арайлым Рахымберді ұлттық қолөнерді дамытуға үлес қосып жүрген аталмыш ұжымға  облыс әкімінің Алғыс хатын табыстады.

Сондай-ақ,  «Qoloner-Taraz» қолөнершілер  қоғамдық бірлестігінің төрайымы Раушан Құндызбаева бірлестік құрамы көпэтносты шеберлерден тұратындығын жеткізді.

Шара барысында келушілерге шеберлердің қолынан шыққан этно стильдегі сән үлгісі топтамалары ұсынылды.