ТАРАЗДА «ПУШКИН ОҚУЛАРЫ» ӨТТІ

Биыл орыстың ұлы ақыны Александр Пушкиннің туғанына – 225 жыл.

Облыс орталығындағы ақынның ескерткішіне келіп, Пушкин оқуларын өткізу тұрғындар үшін дәстүрлі шараға айналған.

Бүгін тараздықтар дәстүрден жаңылмай ұлы ақынның ескерткішіне жиылып, гүл шоқтарын қойды. Ақын құрметіне арналған шара биыл Славян жазуы мен мәдениеті күніне тұспа-тұс келді.

Әдеби кешті Жамбыл облыстық «Радонеж» Орыс қауымы қоғамдық бірлестігі, өңірлік орыс драма театры мен қала әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырды. Ақынның «Дубровский» романы негізінде әзірленген қойылыммен кеш шымылдығы түрілді. Рухани шарада аймақтық этномәдени бірлестік өкілдері, мектеп оқушылары мен Галина Чибитко атындағы клубтың поэзия сүйер қауымы ақынның отты жырларын оқыды.

Пушкин шығармаларына деген қызығушылық жас талғамайтыны анық. Мазмұны терең, берері мол туындыларымен халықтың жүрегінде орын алған ақынның шоқтығы биік шығармалары жайлы облыстық орыс драма театры әртістері арнайы қойылым ұсынды.

Сондай-ақ, кеште «Евгений Онегин», «Мен өзіме қолмен жасалмаған ескерткіш орнаттым», «Руслан және Людмила», «Няня» секілді ақынның таңдаулы туындылары оқылды. «Пушкин оқулары» әдебиетке құлаш сермеген жастарды жігерлендіріп, келген қонақтарға ерекше әсер қалдырды.