ТАТУЛЫҚ ПЕН КЕЛІСІМ – БАСТЫ БАЙЛЫҚ

Бүгін Достық үйінде 1 мамыр – “Қазақстан халқының бірлігі күні” мерекесіне орай Жамбыл облысының әкімі, өңірлік ассамблеяның төрағасы Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен дөңгелек үстел өтті.

Жиынға ұлттық Құрылтай мүшесі, ҚХА төрағасының орынбасары Лугмар Буларов, облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев, облыстық мәслихат депутаттары, “AMANAT”, “RESPUBLIKA”, “Ауыл” т.б. партия өкілдері, аймақтық қоғамдық кеңес мүшелері, ардагерлер кеңесі және ҚХА құрылымдары – Аналар, Ақсақалдар кеңестері, “Ассамблея жастары” РҚБ және этномәдени бірлестік жетекшілері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Облыс басшысы Ербол Шырақпайұлы қонақтарды айтулы мерекемен құттықтай отырып, өңірлік ҚХА-ның атқарған жұмыстарына тоқталды.

-Халқымызда «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген нақыл сөз бар. Ынтымағы жарасқан елдің ғана болашағы жарқын болары сөзсіз. Ауызбіршілік пен түсіністік, ортақ келісім болған жерде ел игілігі үшін нәтижелі іс болатыны анық. Бүгінде киелі Жамбыл жерін мекен еткен 87 этнос өкілдері ортақ Отанымыздың тыныштығы мен тұрақтылығына атсалысуда. Өңірде барлығы – 75 этномәдени бірлестік бар. Облыста тұратын әрбір этнос өкілдерінің ұлтына, тіліне, мәдениетіне, тарихына құрметпен қарау біздің басты міндетіміз, – деді.

Бұдан соң іс-шара марапаттау рәсіміне ұласты. Облыс әкімінің марапаттарымен — «Қазақстан Дүнгендерінің республикалық этномәдени орталығы» республикалық қоғамдық ұйымының «Вынхуа» Жамбыл облысы бойынша филиалы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Гейсыр Чешанло мен Воли Быйджангуйди, «Ахыска» Түріктер этномәдени орталығының өкілі Ватан Сулиев “Құрмет” грамотасымен, «Жастар ассамблеясы» РҚБ өкілдері – Альфия Мейрамбай, Әмина Мейірбек («Әулие-Ата» Қазақ мәдени орталығы), Ділмұрат Муралимов (Жамбыл облыстық Тәжіктер этномәдени бірлестігінің жастар қанатының жетекшісі), Ширина Шүкіралиева (Өзбек облыстық этномәдени орталығы) алғыс хаттармен марапатталды.

Сондай-ақ, аймақ басшысы облыстағы этносаралық келісімнің нығаюына қосқан үлесі үшін және су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек жинап, жөнелтуге атсалысқан азаматтарды да марапаттады.

Сонымен бірге, алқалы жиында өңірлік ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілхан, «Ахыска» Түрік этномәдени орталығы төрағасының орынбасары Жалил Аббосов, ҚХА «Ассамблея жастары» РҚБ төрайымы Хамида Турдыева және «Радонеж» Орыстар қауымдастығының өкілі, Байзақ ауданы Ғ.Мұратбаев атындағы гимназияның мұғалімі Евгений Кравчук бірлік пен келісім тақырыбында баяндама жасады.

Тақырыптық баяндамадан соң аймақ басшысы Е.Қарашөкеев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХА «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында жүктеген міндеттерді бірге жүзеге асыруға шақырды.

Жиын соңы естелік-фотосессиямен аяқталды.