ӘУЛИЕАТА ӨҢІРІНДЕ «MIRAS» АЙМАҚТЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

2023 жылдың 21 желтоқсанында Тараз қаласында азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту «Мiras» аймақтық кеңесі отырысы өтті.

Шарада «Аmanat» партиясы облыстық филиалының басшылығы, «Мiras» аймақтық кеңесінің мүшелері, облыс әкімдігінің басқарма басшылары, орынбасарлары және БАҚ өкілдері болды.

Атаулы жиынға аталған кеңес мүшелері – «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мүбәрак Жинақбаева және «Әулие Ата» Қазақ мәдениеті орталығының төраға орынбасары Айгүл Қабиева да қатысты.

Іс-шара «Ұлы дала» шығармашылық байқауының қатысушылары марапатталған соң, кеңес төрағасы Асқар Абдуалы кіріспе сөзімен жалғасты.

Бұдан соң партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасы аясында мәдени объектілердің қолжетімділігін қамтамасыз ету және мәдениет саласындағы кадр мәселесі бойынша облыстағы атқарылып жатқан жұмыстардың барысы туралы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай сөз сөйледі.

Сонымен қатар, баяндамашылар қатарында партияның Жол картасы аясындағы «Туризмді дамыту» бағыты бойынша облыстағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы туризм басқармасының басшысы Біржан Күзембеков және аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Айтбала Жолмаханова да аудандардағы кітапханалардың бүгінгі ахуалы жөнінде өз ойын ортаға салды.

Отырыс барысында жасалған баяндамаларға қатысты спикерлерге түрлі маңызды сұрақтар қойылып, азаматтық қоғам мен мәдениетті дамытуға орай көңілге қонымды жауаптар алынды.

Шара ел бірлігі мен тірлігінің астарласа дамуы негізінде халық игілігіне қызмет етуді жан-жақты жүйелеу шешімдерімен қорытындыланды.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі