ОСАЛ ТОПТАҒЫ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ҚУАНЫШТЫ МЕРЕКЕ

2023 жылдың 30 мамырында Тараз қаласының «Қарасу» шағын ауданында №25 Психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің осал топтағы оқушыларына 1 маусым – Халықаралық балалар күніне арналған «Балалардың күлкісі – көркі, сәні әлемнің» мерекелік іс-шарасы ұйымдастырылды.

Облысымызға белгілі еріктілер жетекшісі, қайырымдылық іс-қимылдар бойынша өңір белсендісі «Volonter_group_08» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рустам Ташметовпен бірге мерекелік шараны ойдағыдай өткізуге «Жамбыл облысының Тәжік этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Махкам Жұманазарұлы Орифовтың жетекшілігімен осы бірлестіктің жастар қанатының төрағасы Ділмұрат Муралимов және Тәжік әйелдері кеңесінің белсенді мүшесі Гүлсара Тоқтамышева да аянбай атсалысты.

Психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің қызметкерлері, балалардың ата-аналары, білім беру жүйесінің өкілдері қатысқан іс-шарада «Volonter_group_08» ҚБ төрағасы Рустам Ташметов пен Тәжік этномәдени бірлестігінің басшысы Махкам Орифов қонақтар мен балаларды, олардың тәрбиешілерін атаулы мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.

Құттықтаудан соң мейрамның қатысушыларын жас таланттар мен олардың тәлімгерлері, ән-би концерттік бағдарламасы, түрлі кейіпкерлерді сомдайтын ұзын қуыршақтар мен сабын көпіршіктері араласқан қызықты шоу күтіп тұрды. Балалар көңілді аниматорлармен, қуыршақтармен көңіл көтеріп, өзара мәз болысты.

Шара соңында демеушілер арнайы әкелінген тәтті балмұздақ, дәмді торттар сияқты мерекелік сыйлықтармен 200 ден астам балақайларды қуантып, көңілдерін шарықтатты.

Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс бөлімі