2023 жылғы 5 мамырда «Мехри-Бану» мейрамханасында Тараз қаласының Өзбек орталығының мүшесі Рахматхан Нәжімедденов өзінің 70 жылдық мерейтойына орай жұртшылыққа құдайтамақ – қайырымдылық түскі ас берді
2023 жылғы 5 мамырда «Мехри-Бану» мейрамханасында Тараз қаласының Өзбек орталығының мүшесі Рахматхан Нәжімедденов өзінің 70 жылдық мерейтойына орай жұртшылыққа құдайтамақ – қайырымдылық түскі ас берді.
Айта кетейік, Р. Нәжімедденов 1953 жылы 5 мамырда дүниеге келген. Ол Жамбыл облысы мен Алматы қаласында Өзбек орталықтарын құрудың бастамашыларының бірі болды, облыс меценаты. Барлық мұқтаж жандарға, мүмкіндіктері шектеулі адамдарға, халықтың әлеуметтік маңызы бар топтары өкілдеріне үнемі көмек көрсетеді. Ардагерлер кеңесіне де көмегін аяған емес.
Осындай қайырлы іс-шараға Тараз қалалық Өзбек орталығының төрағасы Абдырахман Зайнутдинов, Жамбыл облысы әкімдігінің ІІБ «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мүбарак Жинақбаева, Тараз қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Күләш Әбдікешова және т. б. мерейлі жасқа жеткен өзбек қариясы Рахматхан аканы арнаулы сыйлықтарымен құттықтап барды.
«Қоғамдық келісім» мекемесінің атынан Мүбәрак Қасымқызы сыйлық ретінде қазақтың жоралғысымен үстіне шапан жауып, Алғыс хат табыс етсе, Тараз қаласының Өзбек орталығынан да Алғыс хат беріліп, портрет табысталды. Сонымен қатар, Тараз ардагерлер кеңесінің төрайымы Күләш Әбдікешова «Құрметті ардагер» төсбелгісін кеудесіне тақты.
Барлығы да мерейтой иесіне зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледі.
«Қоғамдық келісім» КММ «Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі