«БЕЙБІТШІЛІК ПЕН КЕЛІСІМ» ЖОБАСЫ МОЙЫНҚҰМ АУДАНЫНДА ЖАЛҒАСТЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен бастау алған «Бейбітшілік пен келісім» жобасы Мойынқұм ауданында жалғасын тапты.

Осыған орай , 2023 жылдың 12-13 сәуірінде «Этносаралық және конфессияаралық келісім» топ мүшелері аталған жоба аясында облыс тұрғындарының экономикалық әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатында ауыл тұрғындарымен кездесті. Шара барысында тұрғындардың көкейінде жүрген түйткілді мәселелеріне ден қою және этносаралық татулықты сақтау басты негізге алынды.

Іс-шараға аталмыш топ ішінде Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының ҚХА этносаралық қатынастар бөлімінің басшысы Құдайберген Рысдәулет және «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері қатысты.

Жоба аясында құрылған жұмысшы топтар келелі мәселелері бар Ұланбел, Бірлік, Биназар, Қарабөгет, Сарыөзек, Қарабөгет, Жамбыл, Мойынқұм, Мирный, Хантау, Кеңес, Айдарлы, Мыңарал, Қылышбай, Көкжелек, Бурыл Байтал, Күшаман ауылдарының тұрғындарымен кездесті.

Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қызметкерлері жергілікті тұрғындар арасында кәсіп ашу, грант және несие алу, әлеуметтік көмек алу бойынша мемлекеттік бағдарламаларды насихаттауда түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, ветеринария, цифрлық технологиялар, дене шынықтыру, спорт, жастар саясаты мәселелері және білім, тілді дамыту салаларына қатысты ішкі саясат басқармасы жауапты мамандары түсініктеме берді.

Облыстық ҚХА Ғылыми-сараптамалық топ сарапшылары мен өңірлік «Ассамблея жастары » қоғамдық бірлестігімен жұмыс жүргізетін мамандар Мойынқұм, Ұланбел,Қарабөгет ауылдық округтерінде мектеп оқушыларына арналған тимбилдинг өткізді. Сондай-ақ, Мәдениет үйі ғимаратындағы кітапханада аз шоғырланған этнос өкілдері мен ауыл тұрғындарына қатысты фокус-топтық зерттеулер жүргізді.

Кездесулер барысында Мойынқұм ауданындағы білім орындарындағы маман тапшылығы,үйірмелердің жоқтығы, ғаламтор желісінің әлсіздігі, көгілдір отын және ауыз су тәрізді бірақатар мәселелер анықталды.

Жалпы алғанда, жұмыс сапарымен барған аталмыш топ 28 кездесу, 5 қоғамдық қабылдау, 2 үгіт-насихат, ақпараттық-түсіндіру шараларын өткізді.

«Қоғамдық келісім» КММ

Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс бөлімі