ДОСТЫҚ – БАҒА ЖЕТПЕС БАЙЛЫҚ

Қазақстан өзінің тәуелсіздігін жариялағанда оны ресми таныған, Алматы қаласында елшілігін ашқан ең алғашқы мемлекеттердің бірі – Иран. Тарихта үнемі мәдени және діни ортақтастықтар негізінде жалғасып келген қарым-қатынастар Қазақстан Үкіметінің құрылуымен жаңа кезеңге аяқ басты. Иран мен Қазақстанды тек достық қарым-қатынас қана емес,Ұлы Жібек жолындағы ортақ тағдыр біріктірді.

Биыл Иран Ислам Республикасының құрылғанына 44 жыл. Осыған орай, 2023 жылдың 14 қаңтарында Алматы қаласындағы «InterContinental» мейрамханасында салтанатты қабылдау өтті.

Иранның Бас консулдығы ұйымдастырған мерекелік шараға дипломатиялық корпус өкілдері қатысты. Шақырылғандар қатарында Жамбыл облысы Тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы Макхам Орифов та бар.

Салтанатты жиында Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Бас консулы Мохсен Фагани және ҚР СІМ Алматы қаласы өкілдігінің басшысы Бақытжан Бөлегенов құттықтау сөз сөйледі.

Махкам Орифов өз сөзінде:

«Менің халқымның тарихы ежелгі парсы мен ежелгі Иранның тамырымен тығыз байланысты. Ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан тәжік этносының өкілі болуымның өзіндік құндылығы бар. Бізге ежелден келе жатқан этнос өкілдері саналатын тәжіктер мен ирандықтардың ең жақын халық екенін атап өткім келеді. Сондықтан біздің арамызда көптеген ұқсастықтар бар, бізде бір тарих пен ортақ мәдени құндылықтар бар. Егеменді Қазақстанда 130 этнос өкілдері тұрады. Біз бәріміз бейбітшілік пен келісімде, достық пен өзара түсіністікте өмір сүріп келеміз.Біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раисидің дана саясатының арқасында Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылғы 29 қаңтарда орнады, бүгінгі күнге дейін берік және белсенді» – деді ол.

Сөз соңында Иран Ислам Республикасының халқын атаулы мерекемен шын жүректен құттықтап, бүкіл әлем халықтарына берік достық пен бейбітшілік тіледі.

 

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы