Таразда “Мың бала” мәдени-ағартушылық жобасы өз мәресіне жетті

Ағымдағы жылдың 27-қазанында «Қоғамдық келісім» КММ «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының облыстық кезеңінен іріктеу өтті.

Байқаудың басты мақсаты – мемлекеттік тілді меңгеруге ерекше қызығушылық танытқан өскелең ұрпақты, түрлі этностық топтардың жастарын ынталандыру шаралары арқылы қазақстандық бірегейлік пен бірлікті дамытуға жәрдемдесу.

Аталған іс-шараға Тараз қаласы мен аудандардағы мектеп мұғалімдері мен оқушылары (этнос өкілдері) және БАҚ өкілдері қатысты.

Аталмыш жоба мемлекеттік тілді үйрену арқылы жастарды патриоттыққа тәрбиелеу және балалардың қоғамдық белсенділігін арттыру, танымдық, сөйлеу қабілеттерін дамыту, тіл үйретудің жаңа форматтарын іздестіру, жастардың бойына кітап оқу мәдениетін, қазақ әдеби тілі мен поэзиясын меңгеруге қызығушылық дарыту, қазақстандық этностардың мемлекеттік тілді меңгерген жас өкілдерін анықтау, қолдау көрсету және ынталандыруға міндеттейді.

Мемлекеттік тілдің мерейін көтеруге бағытталған іс-шара тұжырымдамасы бойынша «Тіл мектебі» қазақ тілін оқытудың авторлық бағдарламалары, «Өнер алды – қызыл тіл» көркемсөз оқу мектебі, «Жарқыра, жас дарын!» ақындық байқауы, «Өнерлі өрге жүзер» музыкалық конкурсы жалпы 4 жоба бойынша байқаулар өткізді. Іс-шараға әр номинация бойынша оқушылар мен мұғалімдер – барлығы 40 үміткер қатысты.

Байқауда «Тіл мектебі» қазақ тілін оқытудың авторлық бағдарламалары номинациясы бойынша Тараз қаласы, №7 мектеп-гимназиясының мұғалімі – Манат Оралбаева І орын, Меркі ауданы, №44 жалпы орта білім беретін мектебінің мұғалімі – Айнұр Сүйімбаева ІІ орын, Қордай ауданы, №4 Балжан Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейінің мұғалімі- Айнұр Тоқбаева ІІІ орынды иеленді.

«Өнер алды – қызыл тіл» көркемсөз оқу мектебі номинациясы бойынша Жуалы ауданы, №7 Т.Әкімов атындағы орта мектебінің оқушысы – Кристина Чакова І орын, Жамбыл ауданы, Бейсенбек Тайшапұлы атындағы орта мектебінің оқушысы – Руслана Чижикова және Байзақ ауданы, Ғ. Мұратбаев атындағы гимназияның оқушысы – Сона Бурханова, Талас ауданынан Рерих Дарья ІІ орын, Қордай ауданы, Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның оқушылары – Райхан Қалыбаева, Абдумалик Турсунов және Жамбыл ауданы, Шайқорық орта мектебінің оқушысы- Зейнеп Фахулова ІІІ дәрежелі орынға тұрақтады.

Аталған номинация бойынша бақ сынасқан оқушылар өзге этнос өкілдері болса да мемлекеттік тілді жетік меңгергендіктерін көрсетіп, өздерін жыр шумақтармен таныстыруда да, шығармалардан үзінді оқуда да бір-бірінен қалысар емес.

Ал, «Жарқыра, жас дарын!» ақындық номинациясы бойынша І орынды Жамбыл ауданы, Айша бибі орта мектебінің оқушысы – Алина Айдаралы, Тараз қаласы, №34 орта мектебінің оқушысы – Гульмира Иминова ІІ орын, «Дарын» лицей-интернатының оқушылары – Руфина Бакирова және Назерке Эрнисбекқызы ІІІ орындарды иеленді.

Жоғарыдағы үш номинация бойынша бақ сынасқан үміткерлерге облыстық «Ақ жол» газетінің тілшісі Есет Досалы, қалалық білім бөлімінің әдіскері Гаухар Шеримова және «Жамбыл дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталғының әдіскері Самал Ақбердиева қазылық етіп, шын жүйріктерді анықтады.

Жобаның бәсекесі қызу «Өнерлі өрге жүзер» музыкалық конкурсы бойынша Шу ауданы, Т.Әшімбаев атындағы орта мектебінің оқушылары Лунара және Динара Зайцевалар І орын, Жуалы ауданы, Ә.Бөкейханов атындағы №1 мектеп-гимназия оқушысы – Дарья Рудометова, Тараз қаласы, М.Мәметова атындағы №27 орта мектебінің оқушысы – Зульфия Юлдашева ІІ орын, Абай атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-гимназиясының оқушысы – Гузаль Абдумуталибова және Шу ауданы, М.Х.Дулати атындағы орта мектебінің оқушысы – Гребюнук Роман ІІІ орындарды иеленді. Аталған номинация бойынша қатысушылардың өнері бір-бірінен асып тұр. Қазақтың ұлттық аспабы домбырада ойнау шеберліктер, ән айтудағы ерекшеліктері жиылған жұртшылықты тамсандырды. Аталған номинация барысында бақ сынасқан үміткерлерге мәдениет саласының үздігі, әнші, композитор Жандос Омаров, К.Әзірбаев атындағы облыстық филормонияның көркемдік жетекшісі Аида Смағұлова және «Мәдени көпшілік іс-шаралар» бөлімінің басшысы Біржан Уксикбаев қазылық етті.

Жоба жеңімпаздарына дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Байқауға үміткер басқа да қатысушылар алғыс хаттар және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.

 

Баспасөз қызметі орталығы