1 МАУСЫМ – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЛАЛАРДЫ ҚОРҒАУ КҮНІ МЕРЕКЕСІНІҢ АПТАЛЫҒЫ ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ҰЙҒЫР БІРЛЕСТІГІНЕН БАСТАУ АЛДЫ

Бала – әрбір отбасының өмірін шынайы қуаныш пен жылулыққа, махаббат пен мейірімге толтыратын ғажайып. Ел болашағының жарқын болуы да өскелең ұрпақтың қолында. Сондықтан да балалардың құқығын қорғап, өмірлерін сақтап, бақытты ғұмыр сыйлап, ертеңгі күнге жетелеу әр ата-ана мен мемлекетіміздің жауапкершілігінде. Жыл сайын балғын бүлдіршіндер үшін ең қуанышты мерекенің бірі 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесі тойланады . Алғашқы халықаралық балаларды қорғау күні 1950 жылы атап өтілді. БҰҰ бастаманы дер кезінде қолдап, балалардың өмірін, құқығын, денсаулығын қорғауды өз қызметінің басты бағыттарының біріне айналдырды.

Атаулы мерекені ерекше атап өту мақсатында әр өңірлердегі Қазақстан халқы Ассамблеясында декада өткізу жоспарланды.

Осыған орай, декаданы Жамбыл облыстық «М.Қашқари атындағы Ұйғырлар этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Балалар біздің болашағымыз» тақырыбында таңғажайып «BALA FEST» фестивалімен бастады.

Іс-шараға Тараз қаласының №34 орта мектебінің оқушылары, аталмыш бірлестіктің өкілдерінің және әртүрлі этностың балалары қатысты.

Фестиваль «Қоғамдық келісім» КММ-де, өңірлік «Ассамблея жастары» өкілдерінің, жас өнерпаздардың атсалысуымен жоғары деңгейде өтті.

Бүлдіршіндердің жүздеріне күлкі,көңілдеріне шаттық сыйлаған іс-шара ерекше қарқынмен бастау алды. Алдымен ертегі кейіпкерлерінен құралған аниматорлар мекемеге кіреберісте түрлі-түсті шарлармен балаларды жылы қарсы алып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Күмбезді ғимараттың екінші қабатында «Балалар біздің болашағымыз» тақырыбында өнерпаздардың мерекелік концерттік бағдарламасы ұсынылды.

Мерекелік концерт барысында құттықтау сөз Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Жинақбаева Мүбәрак Қасымқызына және «М.Қашғари атындағы Жамбыл облыстық ұйғыр этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Тұрдыева Мухабат Абдырахманқызына берілді.

Өз сөзінде М.Тұрдыева:

«Жалпыұлттық біртұтастық бәрінен де маңызды. Қанша этнос өкілдері болса да бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді.

Осында отырған әртүрлі этнос өкілдерінің де балаларына 1 маусым — Балаларды қорғау мерекесі ортақ . Мерекенің «Достық» үйінде тойлануы да бекер емес. Бұл ғимарат барша этностардың басын біріктіретін шаңырақ.Ендеше, мереке құтты болсын!» – деп қоғамдық келісім мен бейбітшіліктің, этносаралық қатынастың тұрақты болуы ел үшін маңызды екенін білдірді.

Сонымен бірге, М.Қасымқызы да кішкентай бүлдіршіндерге ақжарма тілегін жолдады.

Концерттік бағдарламада №34 орта мектеп жанындағы «Айналайын» шағын орталығының мың бұралған бишілері мен жезтаңдай әншілері және «Қоғамдық келісім» КММ шығармашылық тобының өнерлері паш етілді.

Таңғажайыпқа толы фестиваль мен зор қошеметке ие болған өнерпаздар қатысқан мерекелік концерт өз кезегінде жақсы атмосферада, жоғары деңгейде өтті.Шамамен 300-ден аса бүлдіршіндер көңілді іс-шараның куәсі болды.

Фестиваль соңында бүлдіршіндерге арнайы тәттілер мен балмұздақ таратылып, тағы да бір көңілдерін көтеріп тастады.

Әрбір баланың жүзіне күлкі үйіріп, жүрегіне жылу мен мейірім ұялату- баршамыздың басты міндетіміз!

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс“ бөлімі

#АссамблеянародаКазахстана

#балалықшақәлеміқандайғажап

#өзінөзібасқару