ӨЗБЕК БІРЛЕСТІГІНІҢ АНАЛАРЫ НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІН АТАП ӨТТІ

Олыстық Өзбек этномәдени бірлестігі Аналар кеңесінің өкілдері Түркі халықтарына ортақ Наурыз мерекесін атап өтті.

«Сумаляк-Наурыз» атауымен ұйымдастырылған мерекелік жиында өзбек ұлтының бесікке салу, беташар секілді дәстүрлері дәріптеліп, ұлттық құндылықтары ұлықталды. Кеңестің төрайымы Дилиорум Каримова бастаған аналардың ұйытқы болуымен келген меймандарға кең дастархан жайылып, мерекенің бас тағамы бидай дәнінен сумаляк әзірленіп, қонақтарға ұсынылды.

Жиын басы қалалық Өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Абдурахман Зайнутдиновтың алғысөзімен басталды.

Мерекелік думанда «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Жинақбаева жиналған қауымды Наурыз мерекесімен құттықтап, айтулы күннің маңызына тоқталды. Күллі Түркі халқын береке мен бірлікке бастайтын мерекеде Республикалық Дүнгендер этномәдени бірлестігі Аналар кеңесінің төрайымы Сара Даузова, облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы Аналар алқасының төрайымы Хадиша Оспанова, облыстық Тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы Махкам Орифов және күрді этносының ардагер ақсақалы Сулейман Абдукаримов ақжарма тілектерін білдірді.

«Бақыт» вокалды-инструменталды ансамблінің жетекшісі Абдурашид Балтаходжаев қазақ, орыс, өзбек тілдерінде ән салып, кештің шырайын келтірді.