ӨНЕРЛІ ӨРЕНДЕРДІ АНЫҚТАҒАН САЙЫС
Талас ауданы – талай дүлдүлдер мен бұлбұлдар тудырған қасиетті мекен. Татулықты ту еткен «Достық керуені» жобасы аясында аудан орталығы –қазыналы Қаратауда бұл күні әуезді ән де айтылып, сұлу саз да көпшілік назарына ұсынылды.
«Өнеріміз саған, Қазақстан!» атты дәстүрлі облыстық байқаудың іріктеуіне қатысқан ауданның этнос жастары рухани, патриоттық тақырыптарда қазақ әндерін шырқап, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлай білді.
Талас ауданы «Ұлбике ақын» атындағы мәдениет үйінде өткен сайысқа мектеп оқушылары және колледж білімгерлері қатысты. Қазақ халқының өнері мен мәдениетін жан-жақты насихаттап, еліміздің көптүрлі мәдени ерекшеліктерін дамыта отырып, орындаушылардың кәсіби шеберлігін арттыруға бағытталған байқауда бағы жанғандар облыстық фестивальде өнер көрсететін болады.