Өңірлік этнос өкілдері Жолдауға қолдау білдірді

Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Президенті ретінде парламент палаталарының бірлескен ашық отырысында Қазақстан халқына тұңғыш рет Жолдау жолдаған болатын.

Осыған орай, ағымдағы жылдың  қыркүйегінде Жолдауды  қолдап және насихаттау, талдау мақсатында өңірлік этнос өкілдерінің, Аналар, ақсақалдар, ардагерлер кеңестерінің мүшелері, «Ақ желкен» жастар лигасы және «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенділерінің қатысуымен қаламыздағы Достық үйінде кең көлемді дөңгелек үстел өтті.

Жиын тізгіні Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылық меңгерушісінің орынбасары Жақсылық Жасөркен Берікұлында болды. Жасөркен Берікұлы жиылған жұршылықтан  Жолдауды  талдап, жеке пікірлері мен ойларын ортаға салуларын сұрады.  Жарыссөз мінберінде алғаш болып ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың Қазақстан халқына кезекті жолдауы туралы сөз сөйлеген Жамбыл облыстық «Днипро» украин мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Клименко Федор Леонтьевич Жолдауға қатысты көзқарасының оң екендігін білдірді. Федор Леонтьевич «ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдаған Жолдауын тыңдадым. Жолдауда айтылған мәліметтерге тұлға ретінде толығымен қанағаттандым. Аталған Жолдауда мемлекет басшысы көптің көкейінде күдік ұялатқан сауалдарға жауап бергендей.  Жолдауда микро және шағын бизнеспен айналысушы кәсіпкерлер салық төлеуден 3 жылға босатылуы және 3 жылға дейін тексеруге тыйым салынатындығы айтылды. «Микро және шағын бизнес компанияларын негізгі қызмет түрлерінен салық төлеуден 3 жылға босатудың заңнамалық базасын әзірлеуді тапсырамын. 2020 жылдың қаңтарынан бастап микро және шағын кәсіпкерлік субъектілерін 3 жылға дейін тексеруге тыйым салу туралы шешімім күшіне енеді»,– деді Президент Жолдауында. Расында еліміздегі жеке кәсіпкерлерді қолдауымыз керек. Сондай-ақ, Жолдауда отандық өнімдерді тұтынуға және оларды қолдау керектігінде айтты. Жалпы жолдау қоғамды қозғаған барлық мәселеге жауап берді деп ойлаймын.»-деді Жолдауға қатысты өз ойымен бөлісіп.

Украин этносының жетекшісінен кейін мінберге өзге де этнос өкілдерінің мүшелері мен жастар қанатының белсенділері шығып Жолдауды қолдап, ол туралы жеке пікірімен бөлісті. Сонымен қатар, «Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету» турасында Тараз қаласының Өзбек этномәдени бірлестігінің жетекшісі – Зайнутдинов Абдрахман Юлдашевич  өз ойын ортаға салды.     Жолдауда аталған агросектор өнеркәсібі туралы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі – Махусеев Зайнуддин Абдулбахтиярұлы  жеке пікірімен бөлісіп, аталған Жолдаудан алған әсері мен маңыздылығына тоқталды.  Сондай-ақ, Президент жолдауын қолдауда облыстық ассамблеяның жастары да белсенділік танытуда. Жастардың тарапынан жиын барысында Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы аймақтық штабының мүшесі Мухтасимова Алина Наирбекқызы  Жолдаудағы көтерілген маңызды мәселелердің бірі саналатын қазақ тілінің мәртебесі туралы сөз қозғады. Алина Наирбекқызы мемлекеттік тілді дәріптеу, оны меңгеру деңгейін көтеру мәселелеріне тоқталды. Сондай-ақ, белсенді жас  әр этнос өкілдері ана тілімен қоса мемлекеттік тілді де тереңірек білсе екен деген тілегі барын да жасырмады. Сонымен қоса, облыстық ҚХА медиаторы Кошекбаева Ғайни Ақылбекқызы да Жолдаудың маңызды бөлігінің тағы бір тармағы – қылмыскерлерге берілер жазалардың қатаңдығын арттыру және адам құқықтарын қамтамасыз ету мәселелеріне кеңінен тоқталып кетті.

Жиын соңы сұрақ-жауап және  пікір алмасумен аяқталды.

Жамбыл облысы әкімі аппаратының

«Қоғамдық келісім» КММ

баспасөз қызметі