«Ұлы даланың ұлтаралық тілі»

Ұлттық мереке, 25 қазан – Республика күніне орай,  қазан айының 18-і күні «Достық үйі» ғимаратында Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен  «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» ашық алаңы өтті.

Жобаның мақсаты – мемлекеттік тілді ілгерілету, елімізде мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, мемлекеттік тілдің рөлін күшейтіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру, өзге ұлттардың қазақ тілін ұлтаралық тіл ретінде қолданып жатқанын көрсету.

Форумға Жамбыл облысы ҚХА мүшелері, мемлекеттік тілді меңгерген өзге этнос өкілдері, этномәдени бірлестіктер, «Ассамблея жастары» ҚБ, тілдерді оқыту орталығы, тіл ғалымдары, БАҚ өкілдері қатысты.

Ең алдымен қатысушылардың қазақ тілін қалай еркін үйренгендігі жайлы өз тәжірибесінен ойлары тыңдалды.

– Қазақша сөйлеуіме әсер еткен ата-анам,туған жерім, – дейді корей қызы Ким Аяна. Оның айтуынша, өзінің талап-тілегімен бала-бақшада қазақ топта болып, кейін қазақ сыныбында оқыған.

Ал, «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастырған «Текті келін» байқауының жүлдегері, дүнген қызы Роза Юнусова қазақ жігітке тұрмысқа шыққандығын алға тартты. – Қазақ тілін енді тұрмыстық жағдайда да қолданып жүрмін, – дейді Ол.

Ұлты орыс, әнші Сергей Владимирович Семыкин және ұлты ұйғыр, республикалық «Абай оқулары» және «Жамбыл жырлары»  байқауының 1- орын иегері, Абай атындағы мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Алеханова Мухаббат Бахытқызы да осы  тақырыпта әңгіме өрбітті.

Жиын соңында, Жамбыл ауданы Айшабибі орта мектебінің 10-сынып оқушысы, қарашай-балқар қызы, айтыскер ақын Алина Айдаралы «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» жобасы аясында өтіп жатқан іс-шараға арнауын оқыды. Сондай-ақ, қатысушыларға алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар табысталды.

Баспасөз қызметі орталығы