ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАР МЕН ОЙЫНШЫҚТАР ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Бүгін «Қоғамдық келісім» мекемесінде «Ассамблея бөбектері» жобасы аясында №17, №18 және №7 балабақша педагогтерінің ұйымдастыруымен ұлттық ойындар мен ойыншықтардың презентациясы өтті. Онда балақайлардың ой-өрісін дамытатын, ұлттық құндылықты ұлықтайтын түрлі формадағы патенттелген ойыншықтар қойылған.

Мұндағы мақсаты – өнертапқыш педагогтерді қолдау, тәжірибе алмастыру арқылы халық мұрасын ұлықтап, қайталанбас мәдениетті дәріптеу болатын.

«Ассамблея бөбектері» жобасы өскелең ұрпақпен жұмыс істеуге бағытталған және облысымызда бесінші жыл қатарынан жүзеге асырылып жатқан бірегей жоба. Аталған жоба аясында облыс көлеміндегі мектепке дейінгі балаларды отансүйгіштікке, өзара ынтымақтастыққа, ортақ Отанымыздың өркендеуіне үлес қосуға тәрбиелеуге бағытталған жүйелі жұмыстар жүзеге асырылып келеді.

Іс-шара барысында «100 кіші бағдарлама» аясында әдістемелік материалдарды әзірлеудің 2024-2026 жылдарға арналған «Бір тұтас тәрбие» бағдарламасы негізінде 3 жылға жасалған жоспарды бекітіп «Қоғамдық келісім» және қалалық білім бөлімі мекемелерінің басшылары Мубарак Жинақбаева мен Раушан Қожамжарова меморандумға қол қойды.

Бұдан өзге, жиында балабақша меңгерушілері, әдіскерлері, тәрбиешілері ойыншықтардың түрлері мен оларды пайдалану жолдарын таныстырып, өзара тәжірибе алмасты.

Презентация соңы №18 бөбекжай-бақшасының бүлдіршіндері орындауындағы хормен аяқталды.