Үстіміздегі жылдың қазан айында «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде «Жамбыл облысының Немістер қоғамы» қоғамдық бірлестігі «Hallo, es ist Zeit für den Herbst!» мерекесі аталып өтті.

Бұл іс-шара «Erntedankfest» – «Егін жинау» науқанына арналып өткізілді.  Германияда неміс этносының салт-дәстүрі бойынша  егін жинау мерекесі қазан айының бірінші жексенбісінде атап өтіледі екен. Бұл дәстүрдің түп-тамыры – рим салт-дәстүрінен бастау алады. Неміс халқы егін-астық берекелі шықса қуанып,  оған қамқорлық жасаған «Құдайға»  алғыс айту ретінде дәстүрге сай алғыс айту түрінде өз рәсімдерін  жасаған. Сондай-ақ, ежелгі шаруалар егіннің өзіндік  өсу немесе өлім рухы бар деп наным-сенім жасаған.

Осыған байланысты бұл мереке бұрын жаман рухтарды жеңу ретінде аталып өтсе, қазіргі уақытта бұл дала жұмыстарының аяқталған күні және табиғат  сыйлықтары үшін Жаратқан Құдайға алғыс негізінде мерекеленеді.

Сонымен бірге, бұл күні шіркеуде арнайы ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп, Құдай үйінің қабырғалары мол өнім берген жеміс-жидектермен және гүл шоқтарымен безендіріледі.

Аталмыш іс-шарадағы құттықтау сөз сөйлеу еншісі облыстық Немістер қоғамының директоры Николай Фастқа берілді.

Мерекелік жиын вокалдық және хореографиялық концерттік бағдарламаға  ұласты.  Атап айтсақ, бишілердің орындауында “Gemüsetanz” биі ұсынылды. “Überall sind schone Bunte Farben”, “Hej Jo”, “Juwel band”, «Zicke zacke Juwel band», “Und war sie schon war noch einmal” және т.б. әндері шырқалды.

Кеш соңы көрермендердің  “Көкөніс себетін көтерген қыз” сахна қойылымын тамашалауымен аяқталды.

Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ

«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі орталығы