Қызым саған айтам, келінім сен тыңда

Бүгін, ағымдағы жылдың  21мамырында Тараз қаласының «Анаға тағзым» орталығында өңірлік ҚХА Аналар кеңесінің  кездесуі өтті.

Кездесудің ұйымдастырушысы – «Республикалық және облыстық «Вынхуа» дүнгендер этномәдени бірлестігінің»  Аналар кеңесінің төрайымы Даузова Сара Манкизқызы. Бұл кісінің  ұйымдастыруымен орталықта дүнген халқының ұлттық тағамын дайындау шарасы өтті.

Іс-шараға Республикалық және облыстық «Вынхуа» дүнгендер этномәдени бірлестігінің Аналар кеңесінің төрайымы Сара Даузова,  Жамбыл облыстық  ҚХА және «Қоғамдық келісім» КММ Аналар кеңесінің мүшелері – облыстық Өзбек этномәдени бірлестігінің Аналар кеңесінің төрайымы Сабохат Құдайбергенова, облыстық «Полонез» поляк тілі мен мәдениеті» Поляктар орталығының Аналар кеңесінің төрайымы Аракси Плетнева, облыстық «Вынхуа» дүнгендер этномәдени бірлестігінің белсенді өкілі Салима Манкизқызы,  «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Сауле Құрманқұлова,  сондай-ақ,   «Жер Ана» корпоративтік қорының қоғамдық кеңесінің төрайымы, аталмыш орталықтың «Білгеніңмен бөліс» бизнес кабинетінің меңгерушісі Роза Мұсабаева, «Жер Ана» корпоративтік қорының қоғамдық кеңесінің мүшесі, жеке кәсіпкер Елена Нұсқабаева, облыстық қоғамдық іс-шаралардың белсендісі Наталья Гончарова, дүнген этносының өкілі, республикалық деңгейдегі блогер, танымал аспазшы Роза Азинаева,   М.Х.Дулати атындағы өңірлік Университетінің «Қаржы және есеп» кафедрасының Аналар кеңесінің ішіндегі оқытушылар құрамы және Тараз қалалық №17 жалпы білім беретін мектебінің «Қыз Жібек» клубының  жетекшілері Замира Қожағалиева мен Азиза Өскенбаева және сол клубтың тәрбиеленушілері – 6-сынып оқушылары, «Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз орталығының тілшісі  қатысты.

Іс-шараның шымылдығын Сара Манкизқызы ашып берді.  Бұл кездесу мен Аналар кеңесі  ұлт талғамайды, керісінше, ол – облысымызда тұратын этнос өкілдері арасындағы, қазақ халқы мен өзге ұлттар ортасындағы  үлкен сыйластықты, бірлікті ұлағаттайтын бағдарлама.

«Анаға тағзым» орталығының бүгінгі жиынында қатысушылар дүнген этносының «Жусай қосылған манты» ұлттық тағамын бірге әзірледі.  Алдын-ала 1 сағаттын ішінде арнайы ашытылған тағам қамыры дайындалып, жусай мен сиыр еті ұсақталып туралып, оған қызыл бұрыш пен дүнген халқының  дәмдеуіштерін қосып, жасөспірім қыздардың қатысуымен бүгінгі шуақты  кездесудің себепкері – дүнген тағамы да осыдан төрт ай бұрын «Анаға тағзым» орталығында ашылған «Береке» студиясында  белсенді дайындалып кетті.

Бұл іс-шара аталмыш орталықта ана мен келін ортасындағы арақатынасты дұрыс сақтау, «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» республикалық жобасын ілгерілету және Қазақстанда тұратын өзге этностардың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін, ұлттық тағамдарын жаңғырту, басқа ұлттарға қазақ халқының  ұлттық  тағамдары мен дәстүрлерін   дәріптеу, оны өскелең ұрпаққа – жас қыздарға, болашақ отау иелеріне-келіндерге насихаттау, халықты бірлікке, ынтымаққа, жастарды достық қарым-қатынаста болуға баулу мақсатында әр аптаның сенбі күндері тиянақты өткізіліп тұрады. Демек,  ізгілікті жобалар жүзеге асуда.

Жусай қосылған дүнген мантысын дайындау рецептіне қайта келсек, тағамның  қамыры ашытылған, еті мен жусайы, майы  ұсақталып туралған болу керек. Оған қоса, әдеміленіп, ықшамды  түйілген мантылар  отта 25 минут қана тұруы қажет екенін шебер аспазшымыз Роза Азинаева жиналған жұрт пен тағам пісіруді үйренуге құштар талапты жас қыздарға айтып берді. Сонымен бірге, тағамға дәмді болу үшін өте ұсақталып туралған ішмай немесе құйрық майы аздап қосылу керектігін де атап өтті. Сондай-ақ, Сара Манкизқызының өзі де жастарға бұл мантыны дайындаудағы өзінің үй асханасындағы әйедік құпиясымен де бөлісе кетті. Манты  дайындалған соң оған қосылып бірге желінетін ерекше соус жөнінде пайдалы кеңес берді.

Сара Даузова дүнген халқының тек ұлттық тағамды қалай әзірлеуі ғана емес, жалпы ұлттық құндылықтары мен үлкен аналарының тарапынан келіндер мен қыздарға берілетін тәлім-тәрбиесі жөнінде де құнды мәліметтер берді.

Асханада қолмен ұстап, көзбен көріп жұмыс жасаған жас жеткіншектер бүгінгі аналары мен апаларына жасаған көмектеріне риза боп,  олардан алған пайдалы тәлімдерінен нәр алып, көңілді тарқасты.

Буы бұрқыраған піскен манты  орталықтағы «Ақ жаулық» ана мен келін өнеге мектебі» бөлмесіндегі жайылған дастарханға қойылып, қатысушылар дайындалған дәмді астан дәм татысты.

Екі бірдей бірлестік – Республикалық және облыстық дүнгендер қауымдастығының  Аналар кеңесін басқарып отырған Сара Манкизқызының ұйымдастыруымен өткен аналар арасындағы көңілге жылулық сыйлаған бүгінгі әсерлі кездесу өз деңгейінде ойдағыдай өтті.

Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы