ҚОРЖЫН ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АКЦИЯСЫ БАСТАЛДЫ

1-наурыз Алғыс күніне орай ел көлемінде Қазақстан Халқы Ассамблеясының «Қайырымдылық керуені» жобасы аясындағы «Қоржын» қайырымдылық акциясына бастау берілді.

Алғыс күніне арналған іс-шаралар шеңберінде ҚХА Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілхановтың қатысуымен өткен онлайн жиын ұйымдастырылған болатын.

Аталған жиында Жамбыл облысы ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары Ғұлам Умаров 1-наурызға облыс бойынша халқымыздың қолда бармен бөлісу, көмек көрсету сынды рухани дәстүріне сай акцияны бастауға 4,5 млн теңгеге 200-ден аса адамға қайырымдылық көмек жасалынатынын айтқан.

Нәтижесінде бүгін, «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастырған мерекелік іс-шаралар легінде «Қоржын» қайырымдылық акциясы өтті. Тараз қаласындағы өзбек, орыс, тәжік, күрді, дүнген және аудандардағы этномәдени бірлестіктердің атсалысуымен қыстан қысылып шыққан, әлеуметтік жағдайы аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға азық-түлікпен көмек көрсетілді.

Қайырымдылық керуені жобасы аясында шаралар «Мейірімділік керуені», «Қамқор», «Жеңіс үшін, рахмет», «Бар жақсымыз балаларға» сияқты акциялармен жыл бойы жалғасатын болады.

 

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі