Қазақстан халқы Ассамблеясы сіздерді Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтайды

Құрметті Отандастар!

Қазақстан халқы Ассамблеясы сіздерді Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтайды.

Еліміздің Ата заңы саяси және экономикалық жүйенің бастапқы қағидаларын анықтап, жалпы адами және жалпы ұлттық құндылықтарды айқындады.

Конституция Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ə.Назарбаевтың қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің моделі ретінде жүзеге асқан бейбітшілік пен келісім саясатының және қоғамдағы бірліктің қағидаларын бекітті.

Солардың арқасында Қазақстан, 25 жыл ішінде,  түрлі этностар мен конфессиялар өкілдерін бір халыққа, бір Елге біріктірген мықты Тәуелсіз мемлекетке айналды.

ХХХІ Жазғы ойындардағы Қазақстан құрамасының үздік нәтижесі – осының кезекті айқын дәлелі болып табылады. Біздің спортшыларымыз бүкіл әлемге Қазақстан халқының ауызбіршілігі мен ынтымақтастығының жасампаз күшін көрсетті!

Құрметті Отандастар!

Қазақстанның Конституциясы – сарабдал әлеуметтік саясатты жүргізудің, халықтың  әлеуетін арттырудың берік іргетасы екенін  уақыт  дәлелдеді.

Ұлт жоспарының «Бірегейлік пен бірлік» төртінші реформасын іске асыру Конституциямыздың әлеуетін одан әрі ашудың  жаңа кезеңі  болмақ.

Құрметті достар! Бәрімізге маңызы зор күні Сіздерге зор денсаулық, бақыт пен амандық тілейміз! Аталмыш мереке алға қойылған мақсаттарға жету жолында бізге үнемі күш-қуат пен сенімділік берсін!

Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі