Қазақстан халқы Ассамблеясы – бейбітшіліктің алтын діңгегі

Ұзақ жылдар бойы елімізде әртүрлі этностар бейбітшілікте өмір сүруінің теңдессіз тәжірибесі жиналды және де оған әлемдегі басқа мемлекеттер қызыға да қарауда.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ еліміздегі этносаралық қатынастар мәселесі бойынша Елбасы Н.Назарбаев: «… ішкі саясаттың іргелі қағидасы ұлтаралық келісім принципі болуға тиіс. Міне, осының өзі демократиялық құқықтық мемлекет құрудағы қазақстандық жолдың және біздің дүниежүзілік қауымдастыққа енуіміздің ерекшелігін айқындайды», – деп айтып өтті.

ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тұғырлы еліміздің басты функцияларының бірі ретінде этносаралық қатынастарды реттеуді қолға алды. Қазіргі таңда, тұрақты және көпжоспарлы саясат белсенді түрде жүргізілуде. Ал заң тұрғысынан ашып көрсететін болсақ, Конституцияның Преамбуласы мынадай сөздерден басталады: «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып,…», – деп тайға таңба басқандай жазылған. Бұл – еліміздегі 140-тан астам этностың бір шаңырақ астында татулықта тұруының үлкен дәлелі.

Алайда, қара шаңырағымыздағы барлық этностардың келісім мен бірлікте өмір сүруі, ең алдымен, дархан даланың төсіндей кең пейілді қазақ халқының арқасында екендігінде дау жоқ. Жақында өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясы міне, осы бейбітшіліктің алтын діңгегі болмақ. Ал, Қазақстан тәуелсіздік алған кезде ел басында жүргендердін алдында халықтың келісімін сақтап қалу, қоғамның күш-әлеуетін бір мақсатқа жұмылдыру басты назарда ұсталды. Себебі 100-ден астам этнос өкілдерінің басын біріктіру оңай жұмыстардың бірі емес. Бұл ретте, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының ерең еңбегін, салиқалы саясатын еске алмай кету мүмкін емес.

Жалпы, Ассамблея полиэтникалық қоғамның қазақстандық моделінің қалыптасуына және конфессияаралық келісімді бекітуге бағытталған үздік институтқа айналды. Бұл институт барлық азаматтарды бөліп-жармай, этносы мен діни сеніміне қарамастан бірдей құқық пен еркіндік беру принципіне негізделген маңызды саяси құрал бола білді.