Қазақ еліне мың алғыс!

Қазақ еліне мың алғыс! Дәл осындай атаумен ағымдағы жылдың қыркүйек айында Тараз қаласында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына арналған монументтің ашылу салтанаты өтті. Бұл нысан қазақ жерін мекендейтін түрлі этностардың елімізге деген ыстық ықыласы мен шынайы алғысының көрінісі болмақ.
Монументтің ашылуының басты мәні – Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойын атап өту, ұлттар арасында достық пен бейбітшілікті сақтау және насихаттау, жастардың бойында патриоттық сезім мен өз халқының тарихына деген құрметін қалыптастыру.
Салтанатты шарада Жамбыл облысы ҚХА «Днепро» украин этномәдени бірлестігінің төрағасы Клименко Феодор Леонтьевич және М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті “Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының меңгерушісі Парида Мамедова сөз сөйлеп, қазақ халқына деген шынайы алғысын білдірді.
Келісім мен достықты бұрынғыдан да нығайта түскен мерекелік жиынға
Жамбыл облысы ҚХА өкілдері мен жастары қатысты.
Ибрагим Зуфаров, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Ахысқа» түрік этномәдени бірлестігі жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы: – Облыста 35 мыңға жуық түрік этносының өкілі бар. Бәрі де өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып келеді. Атап айтқанда, ауылшаруашылық, кәсіпкерлік, құрылыс, сауда саласында жемісті еңбек етіп жүргендері де жетерлік. Біз қазақ елінің қамқорлығын көп көрген халықпыз. Сондықтан да ұлттық мерекелерге, тағылымды іс-шараларға белсене қатысуды, этнос арасындағы татулықты дәріптеуді өзіме міндет санаймын.
Биіктігі 30 метрді құрайтын монументте қазақ жерінде тұратын түрлі ұлт пен ұлыстың елге деген алғысы мен ризашылығының символикалық көрінісі бейнеленген. Тасын түртсең тарихы көрінетін Жамбыл жерінде бой көтерген бұл монумент бейбітшілік пен келісімнің мызғымас айғағы екені даусыз.