«ҚАУІПСІЗДІК САҒАТЫ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

Бүгін Жамбыл облыстық ҚХА жанындағы Аналар және Ардагерлер кеңестері жанындағы Аналар алқасының ұйымдастыруымен «Анаға тағзым» орталығында «Қауіпсіздік сағаты» жобасы аясында дөңгелек үстел өтті.

Жиынға облыс әкімі аппаратының басшысы Илебаев Лесбек Құралбайұлы төрағалық етті. Аппарат басшысы жобаның өзектілігін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмысты жүйелеп, кестеге сай атқару керектігіне айрықша тоқталды. Бұған қоса, өңірлік ардагерлер кеңесі толықтай жобаны қуаттайтыны жөнінде Еркінбек Солтыбаев айта кетті.

Алқалы жиында жастар арасындағы құқықбұзушылыққа жол бермеу, оның алдын алу, қыздар арасындағы кикілжің, есірткі және оны тұтынудан аулақ болу секілді түйткілді мәселелер талқыланды.

Алқалы жиында балалар құқығын қорғау мәселесі бала өмір сүріп отырған қоғамның мәдениеті мен даму сатысы туралы облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы Аналар алқасының төрайымы Хадиша Оспанова тілге тиек етті.

Облыстық ата-аналар комитетінің төрағасы Ринат Нұрақбаев және Тараз қалалық ата-аналар комитетінің төрайымы Ғалия Рысбаева бүгінгі таңда ата-аналармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізіп жүргендігінен хабар беріп, бұл тың жоба туралы өз ойларын ортаға салып, ұсыныс-тілектерін жеткізді. Аталған отырыста республикалық, облыстық Дүнгендер қауымдастығы Аналар кеңесінің төрайымы, ҚХА Аналар кеңесінің белсенді мүшесі Сара Даузова өзінің ұстаздық тәжірибелері және балалармен жұмыс жасауда ұтымды әдіс деп табылатын тың ақпараттармен бөлісті.

Келелі жиынның соңында жүзеге асырылуы керек жұмыстардың жоспарын сараланып, ата-аналар жиналысын өткізудің кестесі құрылды. Жоспарға сай мамыр айында есеп беріліп нәтижелер талқыланатындығы айтылды.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі