«Қайырымдылық керуені» Шу ауданына келді

0_3

Еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдығы бүкіл республикамыз үшін айтулы үлкен мереке. Оны атап өтуді қазақстандықтар ағымдағы жылдың басынан-ақ бастап кеткен. Расында, алып қарасаңыз, әрбір күніміз көптеген іс-шаралар мен концерттік бағдарламалармен ұштасады.  Міне, бүгін де облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы мен «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен «Қайырымдылық керуені» Шу ауданындағы Д.Қонаев атындағы ауылға да келіп жетті. Ұлттық киімдер киген ауыл жастары ассамблея мүшелерін, ұйғыр, дүнген, неміс, еврей, корей, орыс этномәдени өкілдерін, аналар мен ақсақалдар кеңесі мен «Ақ желкен» жастар лигасының мүшелерін Төле би атындағы орта мектепте құшақ жая қарсы алды. Бұл мектеп ауылдағы үлкен мектептердің бірі, онда 1200 астам оқушы білім алуда. Мектеп білім есігін сонау 1905 жылы ашқан.  Содан бері бұл білім ұясын сан мыңдаған бала бітіріп шыққан.

«Қайырымдылық керуені» ұлттық қайырымдылық науқанының мақсаты мен міндеттері туралы М. Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы Мухаббат Тұрдыева таныстырып өтті. – Біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – Қазақстан Республикасы. Жоғары белестер мен биіктердің шыңына жетуіміз тек келісім мен бірегейліктің, толеранттылықтың арқасы. Оны біз ұмытпауымыз керек.  Біздің басты мақсатымыз – этносаралық келісімді нығайта отырып,  жастарымызға, ұрпақтар сабақтастығына патриоттық тәрбие беру,  халықтың қалың жігіне тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктеріміз туралы кеңінен баяндау.

Ассамблея мүшелері мен «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері бірнеше топтарға бөлініп, әртүрлі іс-шаралар өткізді. Ғылыми-сараптамалық топтың сарапшылары Зарина Кулиева мен Альбина Тапаева жастарға «Ауылды жерлерде қайырымдылық акциясын өткізуде жастар бірлестіктерінің рөлі» тақырыбы аясында әңгімелесті. Облыстық ҚХА жанындағы «Ақ желкен» жастар лигасының төрағасы, «Вынхуа» дүнген  этномәдени бірлестігінің мүшесі Зайнуддин Махусеев ауылдық округ  жастарымен кездесіп «Еліміздің болашағы – жастар» тақырыбында әңгіме-дүкен құрды. Сонымен қатар мектептің жоғары сынып оқушылары екі командаға бөлініп, Қазақстан этностарының ұлттық ойындары спартакиадасына қатысты. Жеңімпаз командаларға естелік сыйлықтар табыс етілді. Оқушылармен қағаздардан әртүрлі бұйымдар жасаудан шеберлік сабақтарыы өткізіліп, оқушылардың шеберлігі шыңдалды.

Қонақтар Д.Қонаев атындағы ауылдың көп балалы, тұрмысы төмен бес отбасыына түрлі азық-түлік жеткізіп берді. Ауыл тұрғындары  ассамблея мүшелеріне ризашылықтарын білдіріп жатты.

Қайырымдылық керуені «Ортақ мақсатқа бірге барамыз» атты ән-би фестивалімен аяқталды. Облыс, аудан этномәдени бірлестіктері өкілдері, оқушылардың қатысуымен өткен фестиваль көпшіліктің көзайымына айналып, өнерпаздар қошеметке бөленді. Шулықтар «Қайырымдылық керуенінің» бағалы бағдарламасына ризалықтарын білдіре отырып, еліміздің Тәуелсіздіктің 25 жылдығында қол жеткен жетістерін әрі қарай нығайтуға үлестерін қосатынына сенім білдірді. Бұл дегеніміз үлкен тәрбиелік және патриоттық мәні зор іс-шаралар жалғасын табады деген сөз.

Жамбыл облысы әкімі аппаратының

«Қоғамдық келісім» КММ баспасөз-қызметі.