«Қайырымдылық керуені» Андас батыр ауылында

-15

«Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен «Қайырымдылық керуені» Меркі ауданы  Андас батыр ауылына келіп жетті.

 «Қайырымдылық керуенінің» қоғамымызда риясыз мейірімділік пен адамгершілікті нығайтуға бірден бір себеп екенін білеміз.  Бүгінде біз барлық қазақстандықтардың, оның ішінде бірінші кезекте балалардың, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың, қарттардың өмір деңгейінің жақсаруына көңіл бөлуіміз керек», -деп атап өтті облыс әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекеме басшысының орынбасары Камал Нарбатыров.

«Қайырымдылық керуенінің» бағдарламасы белсенді түрде өтті. Секцияларға бөлінген топтар өз жұмысын бірден бастап кетті. «Ақ желкен» жастар лигасының мүшелері жоғары сынып оқушыларымен «Жастар – еліміздің болашағы» тақырыбында,  аналар кеңесінің мүшелері мен салауатты өмір салты орталығының қызметкерлері жоғары сынып қыздарымен «Туыстық неке» тақырыптарында әңгіме өрбітті. Кездесуге қатысушылар сұрақтар қойып, өз ойларымен  бөлісті. Ассамблея мүшелері Андас батыр ауылының ақсақалдарымен де кездесті. Қайырымдылық қорын ұйымдастыру туралы жастар бірлестіктерінің өкілдерімен семинар-тренинг өткізді.

№21 орта мектептің оқушыларымен  өткен «Ұлттық нақыштар» тақырыбындағы қағаздан әртүрлі бұйымдар жасау шебер сыныптары оқушылардың қызығушылығын одан әрі арттырды. Оны «Қоғамдық келісім» КММ әдіскері Вера Майкович жүргізді. Екі сағат ішінде балалар оригами техникасын үйреніп, оны жасаудың құпияларымен сыныптастарымен бөлісті. «Мен мұндай іс-шараларға шын көңіліммен атсалысамын. Осындай іс-шаралар біздің облысымыздағы, Меркі ауданындағы ұлттар достығы мен келісімін нығайтады. Бізде қазақ, орыс, неміс, укриан, түрік, күрд және тағы басқа да ұлттардың өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Біз оған қуаныштымыз және  олардың бірлікте  өмір сүріп жатқанын мақтан тұтамыз, – деп өз ойымен бөлісті «Родонеж» орыс қоғамдастығының мүшесі Антонина Беляева.

Іс-шара жергілікті көркемөнерпаздар ұжымдары мен облыстық ассамблея мүшелерінің қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен аяқталды.

Андас батыр ауылындағы «Қайырымдылық керуені» барысында бірнеше отбасына азық-түліктер мен сый-сияпаттар тапсырылды. Сондай-ақ, керуен аясында ұйымдастырылған  ұлттық ойындар түрлерінен спартакиада қатысушылары да марапатталды.