ҒАСЫРҒА ЖУЫҚ ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР ИЕЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ

Меркі аудандық Аналар кеңесі «Қарттарым, аман-сау жүрші!» атауымен аудандағы абыз аналармен кездесіп, әрдайым құрмет көрсетіп келіп келеді.

Күні кеше кеңес мүшелері аудандық жастар ресурстық орталығымен бірлесе аудандағы жасы 100-ге таяған абыз аналардың шаңырағына барып қайтты.

Аталған жиын қазыналы қарттарға құрмет көрсетіп, өскелең ұрпақты үлкенді сыйлауға үйретуге бағытталған.

Кездесуді аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Қайнаркүл Татықұлова мен ауылдық аналардың төрайымы Роза Байбосынова, Жамбыл округі аналар кеңесінің төрайымы Әшімкүл Өмірбекова бастап барып, жүзге таяған қарияларға құрметтерін көрсетті.

Сондай-ақ, «Береке» әжелер тобының мүшесі Орынбасар Сарыбаева ұзақ жасаған ғұмыр иелеріне қазақтың қара домбырасымен ән шырқап, көңілдерін серпілтті.

Аналар кеңесінің мүшелері қарт аналарға ақ орамал жауып, демеушілер тарапынан сый-сияпаттарын ұсынды.

Үлкенге құрметін көрсеткен кейінгі буын өкілдеріне абыз аналар да ізеттерін білдіріп, ақ баталарын берді.