Таразда облыстық ҚХА ХХІ сессиясы өтті

         Аймақтық Қазақстан халқы ассамблеясының ХХІ сессиясы Жамбыл облысы әкімінің міндетін атқарушы  Бекболат Орынбековтың төрағалығымен Достық үйінде  өтті.

         Сессия отырысында талқыланған ең өзекті мәселе Елбасының Бес әлеуметтік бастамасы болды.

         – Мемлекет басшысы, ҚХАтөрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVІ сессиясында сөйлеген сөзінде атап өткендей «Ассамблея барлық маңызды процесстерде белсенділік танытып, мемлекеттік істер және ірі бастамалар мен реформаларға қолдау көрсете отырып бейбітшілік пен тұрақтылықтың кепілі болып қалады», – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов өз баяндамасында.

         Сессия барысында  Масаншы ауылындағы тарихи өлкетану мұражайының меңгерушісі Муса Лочь, кардиохирург дәрігер  Икром Мамедов, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы  Ақжүрек  Таңатаров, М.Қашқари атындағы Ұйғыр этномәдени бірлестігі жастар қанатының көшбасшысы Хамида Турдыева және «Парасат» колледжінің бірінші курс білімгері Артур Лигостаев, «Қазақстан халқы Ассамблеясы  туралы» Заңындағы өзгерістер туралы  «Палонез» поляк тілі орталығы және мәдениеті қоғамдық бірлестігінің басшысы Лариса Калькова  баяндама жасады.

          Сессия Қазақстан халқы ассамблеясы мүшелерінің жаңа құрамын бекітті.  Аймақтық ассамблея төрағасының қоғамдық орынбасары болып  «Вынхуа» дүнген этномәдени бірлестігінің төрағасы Руслан Исмазов сайланды.