Жексенбі таңында «Жамбыл облыстық немістер қоғамы» «Аналар күнін» бар сән-салтанатымен атап өтті. Мерекеге орай, Ақбұлақ ықшам ауданы, 14 үйдің алаңында неміс этномәдени бірлестігінің мүшелері мен қонақтары бас қосты.

«Қазақстан мен Германия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығына орай, «Возрождение» қазақстандық неміс қоғамдық бірлестіктерінің ассоциациясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен өз мәдениетімізді насихаттау мақсатында бірқатар шаралар өткізіп келеміз. Олардың қатарында Германияда бұрыннан бері аталып өтетін «Аналар күні» де бар. Бұл мейрам мамыр айының екінші жексенбісінде адамзатқа өмір сыйлаған жандарға құрмет көрсету мақсатында тойланады. Әдетте бұл күні балалары мен немерелерімен қатар, жолдастары, күйеубалалары да аналарына деген ыстық лебіздерін білдіреді. Бір айта кетерлігі, Германия халқы 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнін тойламайды. Осы тұста, Қазақстанда тұратын немістер әйелдерге арналған екі мерекені атап өтетіні қуантады. Бүгін біздің үш жастан бастап қатысатын көптеген шығармашылық топтарымыз, «Ювель» жастар клубы және аға буыннан құралған ансамбльдер аналарға ән бен биден сыйлық тарту етеді» – деп атап өтті Жамбыл облыстық немістер қоғамының төрағасы Александр Гибнер.

Өнерлі жастар отызға тарта сахналық нөмер әзірлепті. Неміс полькасы, вальс биі, лирикалық әндер, орыс және неміс тілдеріндегі өлең шумақтары – бәрі аруларға арналды. Олар өз кезегінде дарынды жастарға қошемет көрсетіп, алғыс білдірді. Көрерменнің көзайымына айналған әртістердің арасында немістер ғана емес, сонымен қатар аталған этностың мәдениеті мен дәстүрлеріне қызығатын басқа этнос өкілдері мен № 40 гимназия оқушылары да бар.

Сәуір айы бойы Жамбыл облыстық немістер орталығы жастар арасында байқау өткізген болатын. Оған қатысушылар қалдық материалдардан ұсақ-түйек заттар жасауы тиіс еді. Аталған жарыс «Астана ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесінің экологиялық идеялары мен ағайынды Гриммдер ертегілер жинағының жарыққа шыққанына 200 жыл толуына арналған. Бұл конкурсқа 40-тан аса мектеп оқушылары қатысып, үздік жұмыстар арнайы алаңға қойылды. Ал олардың авторлары тиісті дипломдармен марапатталды.

Жамбыл облысы әкімі аппаратының

«Қоғамдық келісім» КММ

баспасөз қызметі