Ағымдағы жылдың 26 шілдесі күні Достық үйіне күтпеген қонақ келді. Ол – республикалық «Ахысқа» түрік этномәдени бірлестігі спорт комитетінің төрағасы, Алматы қаласының тумасы 66 жастағы Желал Мамедов. Мейманымыз аптап ыстыққа қарамастан велосипедпен Түркістанға ат басын бұрған екен. Мақсаты – түркі тектес халықтардың рухани орталығына барып, әулие-әнбиелерге құран бағыштап «кіші қажылық» жасау. Осы әрекетімен шабандоз қазақстандықтар мен елордада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 көрме қонақтарының назарын бабалар мекені, тарихы тереңде жатқан көне шаһарға аударып, салауатты өмір салтын насихаттауды көздейді.

Желал бейдің сөзінше, ол велосипед тебумен кәсіби түрде айналысқан емес. Зейнетке шықса да, қоғамдық жұмыспен айналысатын ол бос уақытында қарт Алатауға бет бұрады екен. Осылайша бар керек-жарағын жинап, өткен жексенбі күні сапарға шыққан. Қордай мен Меркіні артқа тастап үшінші күні  Тараз қаласына жетті. Жамбыл жерінде оны «Ахысқа» түрік этномәдени бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалы» төрағасы Махмутжон Давришев және бірлестіктің өзге де белсенділері, Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұжымы күтіп алды. 

«Қоғамдық келісім» КММ басшысының міндетін атқарушысы Камал Нарбатыров: «Көне Тараз шаһарына қош келдіңіз! Достық үйінің есігі әрдайым сіз үшін ашық. Бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүретін қазақ елінің әр бұрышы әрқашан сізге тиісті қонақжайлылық көрсетеді. Сапарыңыз сәтті болсын!» – деп ізгі тілегін білдірді. 

Қонақжайлыққа риза болған шабандоз шын жүрегімен өз рақметін айтуға асықты. «Бұған дейін Қордай мен Меркі жерінде де мені жергілікті халық құшақ жая қарсы алды. Барлықтарыңызға рақмет! Менің кішігірім сапарым осындай назар аударады деп ойламаған едім», – деп ағынан жарылды ол. 

Жылы лебіздерін айтып, этномәдени бірлестік мүшелері мен Достық үйінің қызметкерлері құтты қонақты шығарып салды. Келесі аялдама – Шымкент қаласы. Оңтүстік Қазақстанның ыстық ауа райына, жолда туындауы мүмкін қиындықтар мен денсаулығына қарамастан, велосипедпен сапарға шыққан қарттың бұл ісі, расымен де, мақтауға тұрарлық. Бұл өз кезегінде жастардың спортқа деген қызығушылығының арта түсуіне септігін тигізер деген сенімдеміз.

Жамбыл облысы әкімі аппаратының

«Қоғамдық келісім» КММ

баспасөз қызметі