«Саған арналады, Астанам!» акциясы

 

Тарихқа жазып есімін,

Түрленді көне Есілім.

Бойында өсіп бас қала,

Келеді жайнап Астана!

6 шілдеде Тараз қаласы Тұрар Рысқұлов атындағы орталық саябақта Елордамыз – Астана күніне арналған «Саған арналады, Астанам!» атты мерекелік акция өткізілді. Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы мен «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастырған іс-шараға өңірлік этномәдени бірлестік белсенділері, «Ақ желкен» жастар лигасы және қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Акция Жамбыл облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ-нің «Үкілім» би тобы мен жастардан құралған көңілді флешмобтан басталды. Концерттік бағдарлама «Ахысқа» түрік этномәдени бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшесі Мамедалы Аббасов, облысымызға белгілі «Гунча» би ансамблі, немістер қоғамының дарынды әншісі, облыстық патриоттық әндер байқауының жеңімпазы Андрей Фирсов, «Поющие сердца» вокалдық ансамблі және «Манас ата» қырғыз этномәдени бірлестігінің жас өнерпаздарымен жалғасты. Бұдан бөлек, іс-шара қонақтарына Астана туралы викториналық сұрақтар қойылды.

Іс-шара соңында Көне Тараз шаһарынан Асқақ Астанаға сәлемімізді жолдау мақсатында бәйтерек бейнесіндегі шарларға тұрғындар жылы лебіздерін қалдырып, аспанға бірге ұшырды. Кез келген туған күн мерекесінің басты тағамы торт екені мәлім. Астана күнін де бұл тәтті тағамсыз атап өту мүмкін емес еді. Сондықтан қала тұрғындары мен қонақтары бір үйдің баласындай тәтті торттан дәм татты. 

Жамбыл облысы әкімі аппаратының

«Қоғамдық келісім» КММ

баспасөз қызметі